Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияға қарсы күресте синхронды жұмыс істеуі керек

207

Жалпы экономикалық өсім бойынша Үкіметтің тапсырмалық KPI-лары өзгеретін сияқты. 

Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияға қарсы күресте синхронды жұмыс істеуі керек

Енді біз тек қана макроэкономикалық көрсеткіштерге емес, экономикадағы табыстың барлығы халықтың табысына қалай әсер етті деген жақтан қарайтын боламыз. Халықтың жағдайы жақсы болса, демек тапсырманы орындадық. Жаман болса, тапсырманы орындаған жоқпыз деген сөз. Жалпы Үкімет өте қиын жағдайда тұр. Бұған дейін жиырма жыл бұрын қабылданған шешімнің барлығы өзінің кері әсерін беруде. Оны бір күнде өзгерту мүмкін емес. Сондықтан Үкімет 180 градусқа бұратындай реформалар жасағысы келеді. Әсіресе, салық реформасында. Бірақ ол бірден дәл қазір нәтиже бере қоймайды, сондықтан күту керек болады. 

Тоқтамай істей беретін дүние – Қазақстанда өндірістерді аша беру. Олар бір күн ашылып, екінші күні жабылып қалатындай емес, тұрақты істеп, экспорттық әлеуеті зор, өзінің нарығы бар кәсіпорындар болуы керек. Осындай кәсіпорындар біздің экономикамыздың тірегі бола алады. Үкімет бұл бойынша жағдай жасағысы келеді. Мәселе оның қалай орындалатындығында жатыр. Кәсіпорындар ертең ұзақ жұмыс істей ме деген мониторинг қажет. Мысалы, екі жыл бұрын ашылған кәсіпорын қазір қаншалықты жұмыс істеп отыр дегендей. 

Үкіметтің ойлары мен идеяларында, жоспарларында мін жоқ, мәселе оның орындалуы мен мониторингінде. Бірақ оған кішкене уақыт керек, сол себепті Үкіметке экономиканы сапалы өсіруге, ауыр міндеттен қорықпауға және сыртқы ықпал емес, нағыз қорытынды эффектке назар аударуға ауысу керек деп ойлаймын. Өйткені біздің Үкіметтің "ойлау қабілетінде" ескінің сарқыншақтары көп, психологиялық жағынан жаңарту керек. Ол үшін өте батыл болу керек. 

Инфляция – біздің басты проблемамыз. 2022 жылдан бері халықтың жалпы жағдайын нашарлататын ең басты факторға айналды. Ақшаны қанша қосып тауып жатсақ та, бағаның барлығы біздің артық еңбегімізді жеп қояды. Сондықтан белгілі бір қоғамдық ортақ стратегия жасау керек. Ұлттық банк өз тарапынан бәрін істеді, ставканы да көтерді, несиелерді де қымбаттатты, нарықтағы артық ақшаны алып тастады, кредитті негізінен халыққа емес, экономикаға, бизнеске баратындай ғып жасады. Үкімет енді өз тарапынан құйылатын нақты ақшаның тек қана өндіріске, белгілі бір іске жұмсалуын қамтамасыз ету керек. Әйтпесе, оның барлығы көмектеспейтін болады. Өйткені өндірісті ашудың өзі импортты күшейтеді, мемлекеттен бөлінген ақша импортты күшейтеді. Бөлінген ақшаға кәсіпкер сырттан құрал-жабдықтар сатып алуы керек, оның бәрі – импорт. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен келісе отырып, әр қадамның инфляциялық нәтижесін, әсерін алдын ала модельдей алатындай жұмыс керек. Осы болжамды жұмыс бізде қиындау, мүмкін осы жағын қарап көру керек шығар. Сонда ғана біз инфляцияны тоқтата аламыз. Инфляцияны бір ғана орган тоқтата алмайды. Екеуі бірлесе жұмыс істеуі қажет. Соңғы екі жылда бұл талап қатты күшейген, сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияға қарсы күресте тек қана синхронды жұмыс істеуі керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу