Үкімет шағын және орта бизнеске салықтық жеңілдіктерді алып тастауы мүмкін

Ұлттық банк интервенция жасау арқылы ұлттық валютаның айырбас бағамына ықпал етуге тікелей араласып отыр.

Үкімет шағын және орта бизнеске салықтық жеңілдіктерді алып тастауы мүмкін

Осылайша, валюта бағамындағы тұрақсыздықты тоқтатуға күш салуда. Дегенмен интервенция жасаудың артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Әуелі артықшылықтарына тоқталсақ.

Біріншіден, бағаның тұрақтылығына әсер етеді. Валюта бағамының күрт ауытқуы инфляцияны күшейтетінін білеміз. Көбіне біз секілді импортқа тәуелді елдер қымбатшылықты болдырмас үшін осы тәсілге жүгінеді.

Екіншіден, инвесторлардың сенімділігі. Валюта бағамын тұрақты етуге тырысу шетелдік және отандық салымшыларға жайлы орта ұсынады.

Үшіншіден, сыртқы қарызды басқаруға септеседі. Егер мемлекет қарызын шетелдік валютада өтейтін болса, ұлттық валютаның тұрақтылығы қаржылық жүктемені азайтады.

Ал кемшіл тұстары айналып келгенде Ұлттық қорға зиянын тигізетіндей. Мысалы, ең алдымен ұзақмерзімді интервенция резервтердің сарқылуына әкеледі. 

Екінші кемшілік ретінде ұлттық валюта бағамын тұрақтандыруға шектен тыс араласу – бағамның табиғи қалыптасу процесіне кедергі етіп, ұсыныс пен сұраныс арасын бұзатынын айтқым келеді.

Ал соңғы әрі ең басты кемшілік, интервенция валюта бағамын уақытша тұрақтандырады, бірақ мәселелерді түбегейлі шешпейді.

Базалық мөлшерлемені 15,25 пайызға көтеру де қысқамерзімді амал ретінде дұрыс саналады. Алайда еліміз ұзақмерзімді тұрақтылықты ойласа, отандық нарыққа мүмкіндік беруі керек. Ол үшін импортқа тәуелділіктен арылу мен экономиканы әдеттегідей мұнайға негіздеп жоспарлаудан аулақ болғаны абзал. 

Тұрақтылыққа жету үшін Қазақстанға бір-ақ жол бар – экономикалық түсімдерді мұнайдан басқа көздерден іздеу. Шамасы, үкімет алдағы уақытта әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыны азайтып, шағын және орта бизнеске жасалған салықтық жеңілдіктерді алып тастайтын секілді. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу