Украина әскерінің деңгейі НАТО стандарттарына жақындады

8931

Украинаның Қарулы күштері өз аумағынан Ресейдің әскерін толық шығаруы мүмкін бе?

Украина әскерінің деңгейі НАТО стандарттарына жақындады

Соғыстың соңғы күндердегі беталысы осындай сұрақты туындатады. Украина әскері там-тұмдап та болса елді мекендерді азат етуге бет алған сияқты. Украина өзінің байырғы жерлерін түгелімен бастапқы шекара қалпына келтіруге күш салып жатыр. Әрине, соғыс деген қасірет, әрбір күн қантөгіспен өтеді. Украина әскері аузын айға білеген орыс армиясына төтеп беріп отырғанына жетпіс күн болды. Енді Украина кең көлемді қарсы шабуылға шығуға шақ тұр.

Украинаның әскерінің әлеуеті НАТО әскерінің стандарттарына жақындап қалды деген баға берілуде. Ия, әскери өнер мен мамандыққа Украина сарбаздары НАТО құрылымдарында машықтанып жатыр. Олар ұшқышсыз дрондарды басқаруда, заманауи үлгідегі әскери техникаларды, соның ішінде шабуылдаушы ауыр құрылғыларды меңгеруде тәжірибе арттырды. Украина әскері өзінің осал еместігін әлемге паш етті. 

Ал қазіргі күнде соғыстың барысын күрт өзгертуге қауқарлы қадам жасалып отыр. Бұл қадам – АҚШ қабылдаған Ленд-лиз заңы. "Ленд" дегені – қарызға беру, ал "лиз" дегені – жалға беру. Бұл заңның аясында Украинаға соғыс үшін керек-жарақтың бәрі беріледі. Бұйымдар ұзақ мерзімде өтелетін қарызға, ал техника мен қару-жарақ жалға беріледі. Техника мен қару-жарақтың аман қалғандары қайтарылады, ал жойылғанына немесе істен шыққанына құн сұралмайды. Ленд-лиз заңы бойынша АҚШ Украинаға екі жылдың барысында 33 миллиард доллардың бұйымдары мен техникасын бермек. Оның 20 миллиарды тікелей әскерге арналса, қалғаны экономикалық және гуманитарлық мақсатқа жаратылады. Бір жағынан осы үшін АҚШ-та әскери өнеркәсіптің жандана түскен жайы да бар.

Украинаға 50-100 шақырымдағы нысандарды снарядпен дәлдеп ататын шабуылдаушы ауыр техникалар, ұшқышсыз дрондар, әуе қорғаныс құралдары, әмбебап гаубицалар, бронетехникалар мен танктер, дөңгелекті көліктер, ұшақтар, жанармай, жылжымалы әскери қосындар, тіпті әскерге қажет тұрмыстық заттар мен азық-түлікке дейін керегінше жеткізіледі. Ал қарызды өтеу қазір сұралмайды, оны жағдайы келгенде ондаған жылдар бойы шетінен өтеп отыруға болады.

Ленд-лиз заңы бойынша тек ядролық қару берілмейді, одан өзге мың-сан керектің бәрі беріледі.

АҚШ-тың қаруы мен техникасы сапасы жағынан оқ бойы озық екені рас. Сондықтан бұл көмек соғыстың беталысын күрт өзгертейін деп тұр. Конгресс мақұлдаған Ленд-лиз заңы бойынша АҚШ президенті Украина мен Шығыс Еуропа елдеріне әскери бұйымдар мен қару-жарақты қарызға немесе жалға беруге өкілеттік алды. АҚШ-тың мақсаты – Ресейдің әскери әлеуетін төмендету, бұдан былай өзге елдердің мазасын алмайтындай етіп әлсірету.

АҚШ-тың Ленд-лиз заңы адамзат тарихында осымен екінші рет қабылданды. Бірінші заң 1941 жылы қабылданған болатын.

Алғашында АҚШ өзінің одақтастарына қару-жарақ, азық-түлік және стратегиялық шикізат бере бастаған. Ал 1941 жылдың қарашасынан бастап мұндай көмек Кеңес Одағына берілді. Шын мәнінде фашизмді жеңудегі шешуші рольді осы Ленд-лиз заңы атқарған еді. Бұл көмектің арқасында 1942 жылы Сталинград шайқасының тағдыры шешілді, Кеңес Одағының әскері  1943 жылы шабуылға шығуға қол жеткізді. АҚШ-тың ондаған мың техникасы соғысқа жаратылды, "Катюша" атыс құралының басты қосалқы бөлшектері АҚШ-та жасалды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағына 12,38 миллиард доллардың көмегі берілді. Мұны 2000 жылдың бағамымен есептегенде 107,1 миллиард доллар болады. Техника мен қару-жарақ кемемен жеткізіліп отырды. Әкелінген вагондар мұнда өндірілгеннен он есе көп болды. Паровоздар екі жарым есе, автомобильдер бір жарым есе, снарядтар КСРО өндіргеннен бір жарым есе көп жеткізілді. Алюминий, мотоцикл, теміржол рельсі, электровоз, мыс, радиолокациялық аппарат, спирт, жарылғыш заттар, жанармай, шина, кеме, порох, металл кесетін станок, трактор, танк, ұшақ, зениттік артиллерия молынан жеткізілді. Тіпті мұнай өңдеу және химиялық зауыттарын әкеліп салды. АҚШ-тан бульдозерлер мен крандар, госпитальдық жабдықтар мен хирургиялық құралдарға дейін жеткізілді.

Соғыс біткеннен кейін қарызды өтеуге кең уақыт берілген, ондаған жылдарда шетінен қайтаруға болады. Бірақ Кеңес Одағының билігі АҚШ-тың Ленд-лиз заңы бойынша берешегін мойындамауға көшті. Қарызды өтемеуге, аман қалған әскери техника түрлерін қайтармауға бекінді.

КСРО Министрлер Кеңесінің  Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Саяси Бюро мүшесі Николай Вознесенский 1948 жылы өзінің кітабында Батыстың соғыс кезіндегі бар көмегі кеңестік өндірістің төрт пайызынан аспағанын жазған екен. Ол АҚШ-тың көмегін жоққа шығарғысы келіп, келеке-мазақ еткен. Гитлерге қарсы коалицияда болған кешегі одақтасын өзінің кітабында "Халықтың қанын ішіп семіре құтырған монополист. Демократияға қарсы лагердің көшбасшысы, дүниенің төрт тарабын империалистік экспансиялаудың басында тұрған капиталист" деп жер-жебіріне жетіпті.

Ал 1948 жылы жарыққа шыққан "Ұлы Отан соғысының қысқаша тарихы" деген тарихи-анықтамалық кітапта КСРО АҚШ-тан Ленд-лиз заңы бойынша көмек алғаны, бірақ көмектің елеусіз ғана болғаны, соғыстың барысында ешқандай үлес қоспағаны жазылыпты.

Осылайша КСРО көрер көзге АҚШ-тан арзымайтын, болмашы ғана көмек келген деген жалған уәжді алға тартып табандаумен болған. АҚШ кеңдік жасап, әскери қажеттілікке берілген бүкіл техника мен оқ-дәрінің құнын кешті. Ал өзге азаматтық мазмұндағы техникалары мен жабдықтарының құнын талап етті. КСРО басшылығы оны да өтегісі келмей, келіссөздер үзіліп қалған еді.

Келіссөздер араға 27 жыл салып 1972 жылы ғана қайта басталды. Ақыры Кеңес Одағы 722 миллион доллар өтеуге көнді. 33 миллиардың 722 миллионы ғана қайтарылатын болған. Бірақ 48 миллион доллар төлегеннен кейін Кеңес Одағы қарызды қайтаруды тағы тоқтатып тастады. Тек 1990 жылы әйтеуір КСРО-ның мұрагері ретіндегі осы күнгі Ресей мен АҚШ бір тоқтамға келіп, қалған 674 миллион доллар қарыз 2030 жылға дейін өтелетін болып келіседі.

Бүгінгі Ленд-лиз заңы Украинаның жеңісіне себеп болуы әбден мүмкін. Украина билігі мұндай көмегі үшін АҚШ-қа дән риза болып отыр. Украинаның КСРО сияқты тоңмойын мінезге салынбайтынына АҚШ сенімді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу