Соғысты тоқтатуға, Донбасс пен Қырымның тағдырына, Украинаның НАТО-дан алшақтауына немесе жақындасуына, қираған қалаларды қалпына келтіруге, толып жатқан тағы басқа ауыр мәселелерге қатысты екі жақтың талаптарының ешбірі шешілген жоқ. Соған қарағанда,, әрі өкінішке қарай, келіссөздер әлі белгісіз уақытқа дейін созыла беретін сияқты. Сарапшылар қақтығыс аяқталғанға дейін Украинадан бас сауғалаған босқындардың саны 7 миллионға барады, елдің аумағында 12 миллиондай адам ас-сусыз қалады деп бекерге айтып отырған жоқ. Қазірдің өзінде миллионнан аса босқын шекарадан шығарылды.
Ресейдің әскері бірнеше күннен бері Украина қалаларының ішіндегі тұрғын үйлерді де ракетамен атқылап жарып жатыр. Жағдай күн санап ауырлап барады. Қалаларды ракетамен атқылау кездерінде опат болған бейбіт тұрғындар аз емес.
Украина өз түрмелеріндегі қару ұстай алатындарды босатты. Себебі олар елді қорғауға ниет танытқан. Украина билігі шет елдерден келіп, соғысқа араласамын, Украинаны қорғаймын деушілерге де есік ашты. Шет елдіктердің легионы деген құрылым пайда болды. Владимир Зеленскийдің сөзіне қарағанда қазірдің өзінде шет елдерден 16 мың ерікті сарбаз келген көрінеді.
Ал Ресейде Украинадағы соғыс жайлы жалған ақпарат немесе әлеуметтік желілерде фейк таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болып жатыр. Украинадағы соғыс тоқтатылсын деп айқайлап көшеге шерулетіп шыққандар полицияның құрығына ілігуде. Соғысқа қарсылық шерулері дүниежүзіндегі қалалардың көпшілігінде жүріп жатыр. Әлемдегі 160 Нобель сыйлығының лауреаттары бірігіп, Ресей билігіне арнап соғысты тоқтату туралы Ашық хат жолдады.
Украинадағы соғыс жайлы хабарлар ала-құла. Бір ақпараттарда Украинаның қалаларының бәрі қоршауда қалды делінсе, енді бір ақпараттарда Украина шабуылға көше бастады дап жатыр. Еуроодақтың Украинаға әскери техника мен оқ-дәріден беретін жәрдемі жандана бастағандай.
Еуроодақтың Украина әскеріне техника мен қару-жарақ жеткізу туралы шешімі 24 айға дейін күшінде болады. Қаржыны аудару жақын күндері басталмақ. Ал бұған дейін Еуропадағы жекелеген елдер Украинаға қару-жарақ жеткізуді өз беттерінше бастап та жіберген болатын.
Украинаға гуманитарлық көмекті Қазақстанның қоғам белсенділері де ұйымдастырып, оған халық үлес қосып жатыр. Қазақстанның Украинадағы елшілігі қауіпті жағдайда Киевте жұмысын жалғастырып отыр. Қазақстан Президенті Украина мен Ресейдің келіссөзі нәтижелі болуына оң әсер ететін тетіктің табылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін аңғартты. Сондай-ақ, мемлекет ретінде гуманитарлық көмек береміз деп мәлімдеді.
Еуропа саясаткерлері Ресейге қарсы санкциялардың жалғаса беретінін айтады. Санкциялардың жылдарға созылатын түрі бар. Батыс Ресейдің экономикасын бірсыдырғы қалыппен күйрете беруді көздеп отыр. Әлемдегі ірі экономикалық субъектінің бірі ретінде Ресейге бұл оңай тимесі белгілі. Енді ол экономикалық қатынасты Қытаймен үдетуге әрекет жасауы мүмкін деп болжап жатқандар бар.
Әрине, Ресейге салынып жатқан, алдағы күнде салына беретін экономикалық санкциялардың салқыны Қазақстанды да сипап өтпей тұрмайтыны белгілі. Себебі біздің еліміздің экономикасы Ресейдің экономикасымен тығыз байланысты. Сондықтан соғыстың ертерек тоқтатылуын қалаймыз.
Ал Украина Еуроодаққа мүше болуға өтініш бергеннен кейін өзге елдер де қимылдай бастады. Еуроодаққа кіруге Грузия, Молдова елдері де бел шеше кірісті.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін