Украинадағы соғыстың зардабын адам ғана емес, хайуанаттар да көріп отыр

1184

Бомба түсткенде аң-құстар қиямет-қайымды бастан кешкеннен бетер күйде болады.

Украинадағы соғыстың зардабын адам ғана емес, хайуанаттар да көріп отыр

Майдан өткен жерлерді бейнежазбадан қарасаңыз, ағаштардың сүреңсіз екенін, олардың діңгектері мен бұталары жарақаттанғанын, от шарпығанын көресіз. Ондай жерден қашқан аң-құстар да жуық арада қайтып оралмайды. Ит оттан, жарылыстан, оқтың дауысынан қорқатын жануар болғандықтан соғыс өткен қалалар мен кенттерде басын бұғып, құйрығын басып үрейленіп жүреді.

Ал енді үлкен қалаларда хайуанаттар бағы болады емес пе? Міне, ең қиналатындар осындағы аң-құстар. Олар қамауда, босатып жібере алмайды. Қаланы бомбалағанда аң құстар қиямет-қайымды бастан кешкеннен бетер күйде болады. Бәрі психикалық жарақат алады. Ал бомба туралап келіп түскен жағдайда не өледі, не жараланады. Әрі соғыс кезінде оларға тамақ пен су жеткізудің қиындығы тағы бар.

Соғыс жағдайында хайуанаттар бағын түгел эвакуациялау мүмкін емес деп жатады. Ол үшін басқа тыныш қаладан хайуанаттар бағын салуға тура келеді. Кей жағдайда аң-құстарды өзге қалалардағы хайуанаттар бақтарына таратады. Соның өзінде бәрін алып кету мүмкін болмаса керек. Жарылыстардан қорқып қалған аң-құстарға тыныштандыратын дәрі ішкізеді.

Ресей Украина қалаларына дүркін-дүркін бомба тастады. Әлі де бомбалауға тырысуда. Украинада бес-алты хайуанаттар бағы бар екен. Аң-құстардың әкетілмегендері орындарында. Ал бомба түсіп жантәсілім еткен аңдар аз емес.

Мысалы, соғыстың басында Харьковтегі хайуанаттар бағы атқыланған екен. Жарылған бомбалардан екі бұғының сүйегі шашылып қалған. Жарылыс кезінде темір торлар аударылып, қалаға қашқан аңдар болыпты. Соңынан оларды қуалап жүріп ұстаған. Қалада ерсілі-қарсылы маймылдар жүрген. Ондай кезде қалада жарақат алған иттер көбейіп кететін көрінеді. Иелерінің өздері бас сауғалап кетіп, иттеріне қарауға шамасы келмесе керек. Харьковтың хайуанаттар бағында соғыс басталғалы бері жарылыстан оншақты аң өлді. Ішінде түйеқұс, маймыл, леопардтар бар. Жарылыс кездерінде хайуанаттар бағының алты қызметкері қаза болды.

Киевтің хайуанаттар бағындағы аң-құстар Польшаның хайуанаттар бақтарына көшіріліпті. Бірінші кезекте жолбарыс, арыстан, маймыл, гиена, аю сияқты жыртқыштардың жартысына жуығын алып кеткен. Жылқылар мен түлкілерді табиғатқа қоя берген.  Аң-құстар түгел әкетілмеген, ал әкетілгеннен босаған орындарға көшеде иесіз қаңғып қалған үй жануарларын жайғастырған. Тағы бір қиындығы – Украинадағы электр және жылу көздері қыс бойы атқыланып жатты. Суықта адамдармен бірге хайуандар да тоңды. Украинадағы хайуанаттар бақтары істеп тұр. Оларға көбіне жарақат алған сарбаздарды апарып тегін тамашалатады. 

Украина тұрғындары хайуанаттар бақтарына қол ұшын беріп, ақшалай не заттай көмек беруде. Аң-құстарға көмек жинайтын еріктілер де көп. Украинадағы хайуанаттар бақтарының ішінде Николаев қаласындағысы хайуанаттар бағы көбірек зардап шекті деп жатыр. Бүкіл украиндар сол хайуанаттар бағына билет сатып алды. Олар бармайды, бірақ көмек  болсын деп ондаған миллион адам билетті онлайн тәртібімен сатып алған. 

Міне, Ресей әскері тұрғын үйлерді қоймай, бомбаларының кейбірі хайуанаттар бақтарын да қиратқан. Сондықтан соғыстың зардабын адам ғана емес, қамаудағы төрт аяқты хайуандар да тартып отыр. Украина үкіметі хайуандарды барынша сақтап қалуға күш салуда.

Ал тарихта соғыс кезінде өз хайуанаттар бақтарындағы қауіпті аңдарды өз үкіметі қырған елдер болды. Себебі бомбалаудың салдарынан торларынан шығып кеткен аңдар қала тұрғындарына ауыз салады деген қауіппен өлтіреді екен. Тордағы өз хайуандарын әдейі өлтіру жағдайлары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көп болған екен. Бұған соғыс кезіндегі материалдық жағдай да, сырттан бомбалау болғанда тордан шағып кеткен жыртқыштардың азаматтарға зиян тигізуі мүмкін екені де себеп болған.1943 жылы америкалықтар жапондарды жиі әуеден бомбалай бастаған. Сол кезеңде жапондар өздеріндегі хайуанаттар бақтарындағы жыртқыш атаулыны қоймай, бәрін өлтірген. Сол жылдың 11 тамызында алдымен пілдердің көзін жойды. Содан кейін 27 арыстан мен 14 жылқы аштан өлтірілді. Іле-шала аюлар, жолбарыстар, леопардтар, улы жыландар және басқа көптеген жануарлар түрлі тәсілдермен өлтірілді. Бірін аштан қатырса, бірін улады немесе атып көздерін жойды. Жануарларды өлтіру бір жыл бойы жалғасты.

Мұндай жағдай Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Германияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та да болды. 1941 жылы немістердің басқыншылығы кезінде Солтүстік Ирландияның астанасы Белфаст қаласының хайуанаттар бағының арыстандары, қасқырлары, гиеналары, ақ аюлары әдейі қолдан өлтірілді. Лондонның хайуанаттар бағындағы улы жыландар, кесірткелер, шаяндар жойылды. 1940 жылы сырттан ешқандай шабуыл қаупі болмағанның өзінде Германияда әр түрлі тағы жануарлардың көзі жойылды. Ал 1944 жылы Германияға әуе шабуылдары жиілегенде ол елдегі хайуанаттар бақтарындағы арыстандар өлтірілді. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу