Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды шектеусіз қабылдайды

Қазақтан Республикасы Ұлттық Банкінің қаулысы бойынша "Сақ стилі" сериясынан жаңа дизайндағы номиналы 5 мың теңгелік банкнота 2023 жылдың желтоқсан айынан, ал номиналы 10 мың теңгелік банкноталар 2024 жылдың маусым айынан бастап айналымға шығарыла бастады. 

Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды шектеусіз қабылдайды

Екі жылдың ішінде ескі және жаңа банкноталар айналымда қатар жүретін болады. Яғни жаңа және ескі үлгідегі банкноталар барлық төлем түрі үшін міндетті түрде қабылдануы тиіс. Тиісті уақыт өткеннен кейін барлық банк пен "Қазпошта" ескі үлгідегі банкноталарды тағы үш жыл бойы қабылдайтын болады. 

Өз кезегінде Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды шектеусіз қабылдайды. Мысалы, егер сіз 10-20 жылдан кейін банкноталарды үйіңізден немесе басқа жерден тауып алсаңыз, Ұлттық Банктің кез келген филиалына барып ол банкноталарды айырбастай аласыз. Ешқандай комиссия алынбайды.

Бұрынғы 2006 жылғы банкноталар ауысқан кезде де бірнеше жыл өткеннен кейін адамдар үйлерінде немесе сейфтерінде сақтаған ақшасын келіп айырбастап жатты. Кейбірінің ата-әжелері ақшаны бұрынғы банкнотада сақтайтындықтан, адамдар соларды айырбастауға келіп жатады. 

Қазір айналымға шыққан "Сақ стилі" жаңа сериясынан номиналы 5000, 10000 теңгелік банкноталар ерекше дизайнда жасалған. Олардың қорғаныш элементтері өте көп. 
 
Банкнотаның түпнұсқалығын оңай тексеруге болады. Елтаңбаның алтын бедерлі бейнесі, қолға жақсы сезілетін шығыңқы элементтер, микрооптикалық үзік-үзік екі түсті қорғаныш жіп, бүркіттің алтын бейнесі бар. Сонымен қатар номиналы 5 мыңдық су тамғы белгісі. Сақ стиліндегі бүркіт бейнесінде түсі өзгермелі спарк элементі, бейнелер ультракүлгін сәуледе жарқырайды. Жаңа 10000 теңгелік банкнотада барыстың жарқыраған алтын бейнесі бедерленген. Таулардың алтын шыңдары жарық сәуледе түсін алтыннан көкке өзгертеді. Аузында грифондары бар барыстың басы бейнесіндегі түсі өзгермелі спарк элементі бар. Мұнда да бейнелер ультракүлгін сәуледе жарқырайды.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу