Ұлттық статистика ақпараты қаншалықты шындыққа жанасады?

Елдегі барлық мәселе түбінде халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен туындайды. 

Ұлттық статистика ақпараты қаншалықты шындыққа жанасады?

"Өз ауруын мойындамаған, сол дерттен өледі" демекші, Үкімет кедейшілікті мүлдем мойындар емес. Қазақстандағы кедейлік деңгейін 4-5% деп отыр, ал шындап келгенде оның көрсеткіші Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша 15%-ға таяды. Оның себебі біздегі статистикалық бағалау шынайы жағдайдың көрінісі бола алмай отыр. Ресми дерек халықтың нақты өмір сүру деңгейіне тең келу керек. Жоғарыда айтылған банктің мәліметтері бойынша, күнделікті күнкөрісіне жұмсалатын қаражаты 5,5 доллардан аспайтындар - "кедей" деп айтылады, бізде кедейлік деңгейі 1 доллардан бастап есептеледі, сондықтан күнделікті күнкөріс статистикасын өзгертіп, біздің азаматтарға күнделікті қанша қаражат керегін нақты анықтау керек. Біреулер өндірісті дамыту керек дейді, бірақ өндіріс бір күннің әлегі емес. Бірінші қадам ретінде күнкөріс пен кедейшілік деңгейін анықтап алған жөн. 

Осы екі статистика бағытынан кейін айтқым келетіні экономика саласындағы үшінші мәселе - ең төменгі жалақы мөлшері. Қазір ең төменгі жалақы - 70 мың теңге, ал оның көрсеткіші негізі 100 мың теңгеден кем болмауы керек. Биыл осы бағытта біраз өзгерістер орын алды, мәселен, өткенде талқыланған - азаматтардың өздерін банкрот жариялауына мүмкіндік берілуін айтуға болады. Барлығы айналып келген кезде әлеуметтік мәселелерге келіп тіреледі. Тұтынушы несиені айфон сынды қалта көтермейтін дүниелерге емес, кәдімгі күнкөріс үшін алады. Қазір жеке тұлғалардың қарызы 14 трлн-нан асып отыр. Егер осы адамдардың барлығын "банкрот" деп танысақ, олар 5 жыл ішінде мүлдем қарыз ала алмайды. Ал несие ала алмаған адам - көлеңкелі экономиканың қозғаушы күші. Қарапайым тілмен айтқанда бір-бірінен қарыз алу көбейеді. Сондықтан жаңа Үкімет ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайына назар аударғаны дұрыс, ал ол үшін шындықтан жалтармау керек. Басқа статистика көрсеткіштерін айтудың өзі артық болар, бірінші осыларды реттеп алайық. 

Экономиканың жыртығын жамайтындар кімдер?

Өзім өткен жылы Дүниежүзілік Банкке Public financial management professional development деп аталатын Қазақстанға қатысты зерттеу өткіздім. Онда қаржы мамандарының алдында қандай міндеттер тұр, оны орындау үшін қандай білім керек деген мәселелер көтерілді. Зерттеу кезінде осы саладағы әр позицияға (департамент, басқарма басшылары, қаржыгерлер) міндеттері мен оны орындау құралдары анықталғаны, тек Қаржы министрлігіне қатысты ештеңе айтылмағаны белгілі болды. Байқап отырсам, бізде кім болса соны министр етіп тағайындайды. Ал олардың қызмет жолына шолу жасасақ, еш тәжірибелері жоқ екенін түсінеміз - бір кабинеттен екіншісіне қағаз тасығаннан басқа шаруалары болмаған. Қолдарына қаламнан ауыр дүние ұстамаған, өндірісті өз көзімен көрмеген, бизнестің не екенін білмейтіндер, қала сыртындағы өмірден бейхабар адамдар отыр. Бәз біреулер Президенттік кадрлық резервтегі жастарды билікке жіберу керек деп санайды, менің ойымша, оларды алдымен ауылдарға жіберу керек. Ауыл әкімі болып бастап көрсін, сонда ғана экономиканың ең төменгі деңгейінде бюджет қалай жиналатынын өз көзімен көріп, біліп танысады. Содан кейін ғана Министрлік деңгейіне бет бұрса болар. 

Министрді тағайындағанда алдымен оның алға қойған мақсаттарына жете алатындай тәжірибесі мен білімі жеткілікті ме деген сұраққа жауап іздеген жөн. Білімі дегенде "дипломды" меңзеп отырған жоқпыз, себебі 5-6 дипломы бар, бірақ өмірі жұмыс істемеген маманнан не қайыр?! Сондықтан тәжірибесіне көңіл бөлген жөн. Біздің елде білімі де, істеген қызметі де көрнекі азаматтар көп, алайда оларды депутаттар қатарында көрмей келеміз. Аты-жөні жоқ министрлер мен есімі есте қалмайтын депутаттар көбейді. 

Бүкіл Үкіметті Парламент қабылдайды десек, қазір жауапкершіліктің жүгі ең көп дауыс жинаған "Amanat" партиясына артылады. Егер жаңа тағайындалған Премьер-Министр Ә.Смайылов өз міндеттері мен халық алдындағы уәделерін орындай алмай, отставкаға кетер болса, оған тек "Amanat" партиясы жауапты болады. Әр министр өзінің мақсаттары мен міндеттерін тиянақтап, бағдарламасын қорғағаннан кейін ғана тағайындалуы керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу