Мемлекет басшысы елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға әрдайым мән беріп келеді. Осы жылы сәуір айында басталған "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясының маңыздылығын бүгінгі Жолдауда да баса айтып, ол әрбір қазақстандықтың өмір сүру салтына айналатындығын жеткізді.
Шынымен де, "Таза Қазақстан" акциясы басталғалы еліміздің бүкіл өңірінде тау-тас, өзен-көл, көше жағалаулары мен аулалары, саябақтары мен ормандары тазартылды. Акцияға 3 миллионға жуық азамат қатысып, жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды.
Жалпы тазалық іс-шараларының тәрбиелік маңызы өте зор. Бір рет қоқыс жинауға қатысқан азамат екінші рет жүрген жерінде қоқыс тастауға беттемейді, табиғат пен қоршаған ортаның тазалығына әрбір азамат жауапты екенін түсінеді. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда, бойымызда қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейтуге, тазалыққа деген әуестікті арттыруға "Таза Қазақстан" акциясы зор рөл атқарады деп ойлаймын.
Президент Жолдауында экологиялық мәдениетті ұлт қалыптастыруға үндейтін "Таза Қазақстан" бастамасының уақытша емес екендігін, оны жергілікті әкімдер халықпен тығыз қарым-қатынас орната отырып жоғары деңгейде ұйымдастыру керектігін баса айтты.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін