Ұрланған қарудың кейбірі қамаудағылардың айтуымен табылған

1635

Қаңтар оқиғасы кезінде мыңдаған қару-жарақ пен оларға қажет оқ-дәрі қолды болғаны мәлім. Тоналған қару-жарақты құқық қорғау органдары іздестіріп тауып та жатыр.

Ұрланған қарудың кейбірі қамаудағылардың айтуымен табылған

Ара-тұра қаншасы табылғаны, ал қаншасы әлі табылмағаны жайлы мәлімет жариялап тұрады. Ішкі істер министрлігі сондай бір кезекті брифинг өткізіп, мәліметті жариялады.  

Қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктер кезінде 1 288 табельдік және 1 672 азаматтық қару ұрланған делінеді. Әзірге 512 табельдік, 415 азаматтық қару табылыпты. Табельдік деген түсінікті, ол қызмет бабындағы қару, яғни әскеридің немесе құқық қорғау органы қызметкерінің атына бекітілген тапанша, граната немесе автомат.  Мұндай қаруды қақтығыс кезінде тікелей иесінен тартып алған және қаруды сақтау орындарынан тонап әкеткені айтылған болатын. Ал азаматтық қару – қару-жарақ дүкендерінен ұрланған тапаншалар мен мылтықтар.

Тек қазан айының ішінде азаматтардан 645 қару алынған екен. Соның 20-сының қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталған.  

Қазан айының соңында Алматы қаласының полиция қызметкерлері қаңтар оқиғасы кезінде қару сататын дүкендерді тонауға қатысқан деген алты адамды ұстаған. Олар қарудың бір бөлігін сатып, қалғанын жасырып үлгерген екен. Қаруды қаланың адам аяғы баспайтын қуыстарына жасырған. Қарудан бөлек, оптикалық көздеу және басқа да аңшылық құралдарды да тонаған.

Мәліметтерде қолды болған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қандай жерлерден табылып жатқаны туралы да сөз болды. Биыл 6 қыркүйекте Тараз қаласында құрылысы бітпеген ғимараттардың ішінен 2 қап қару табылыпты. Олар "Вепрь" маркалы автоматтар, "ТОЗ" деген марканың снайперлік винтовкасы, "Сайга" деген карабин, "Байкал" деген мылтық. Табылған қарудың ішіндегі 2 "Калашников" автоматы, 240 патрон мен оны орналастырған оқжатары, 12 калибрлі қаруға арналған 50 патрон полиция департаментінен ұрланған болып шыққан.

30 қыркүйекте Талас өзенінің Тараз қаласындағы жағасынан бұрын полиция департаментінің қоймасынан ұрланған екі револьверлік гранатомет және ойық ұңғылы "Сайга" карабині табылған. 19 қазанда Тараз қаласының криминалдық полиция қызметкерлері заттай дәлелдемелерді сақтау қоймасынан ұрланған аңшы қаруын, "Анна-12" деген қару-жарақ дүкенінен ұрланған екі аңшы мылтығын, сүңгі пышағын және 30 дана патронды тапқан.

26 қазанда Талдықорған қаласының шетіндегі су қоймасының маңынан 5.6 калибрлі шолақ мылтық, нөмірлері өшірілген "Сайга" карабині, сигналдық екі револьвер, қол кісендері және 90 дана әртүрлі калибрлі патрондар салынған қап табылған.

3 қарашада Алматы қаласы Тұрар Рысқұлов даңғылы мен Фариза Оңғарсынова көшесінің қиылысында, оқжатарымен бірге Калашников автоматы, 12 калибрлі "Байкал" аңшы мылтығы, қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған аңшы шолақ мылтығы, жарық-дыбыс шығаратын граната, пневматикалық тапанша, бронежилет, резеңке таяғы және 58 дана әртүрлі калибрлі патрондар салынған сөмке табылған.

Қаңтар оқиғасының кезінде тоналған қару-жарақтың әлі 2026-сы табылмапты. Олардың қай жерге жасырылғаны да белгісіз. Табылмаған қарудың 1257-сі азаматтық, 621-і табельдік, 155-і травматикалық, газды және сигналды тапаншалар көрінеді.

Жасырулы қарудың осы күні қамауда отырғандардың көрсетпесімен табылып жатқан жағдайлары да кездеседі. Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметіне қарағанда, қаңтар оқиғасы бойынша тергеу изоляторында отырған адам жасырылған қару жайлы өзіне мәлім ақпаратты айтқан. Тергеу изоляторында жатқан адамның көрсеткенімен Орал өзенінің қаланың Балықшы шағынауданындағы жағасына жасырылған қару-жарақ табылды. Сондай-ақ қараша айының басында табылған бұл жерден полиэтилен қаптарға салынып, жерге көмілген 12 жарық-дыбыс шығаратын гранат,  "Fiacah 410 mag" деген мылтыққа арналған алты патрон және  5,45 миллиметрлі 119 патрон табылды.

Осыған ұқсас жағдай Жетісу облысында да болыпты. 11 қараша күні қылмыстық атқару жүйесі департаментінің көмек беруімен облыстық полиция департаменті қаңтар оқиғасында Алматы қаласынан тоналған қару-жарақтарды тапты.  Екі карабин, 300 патрон және бронежилеттер  Көксу ауданындағы Мұқыры асуына тақау жердегі мазараттың аумағына жасырылған екен.

Қолды болған қыруар қаруды құқық қорғау органдары әлі ұзақ уақыт іздейтін тәрізді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу