Ювеналдық заңнаманы түзеткен дұрыс

571

Қолданыстағы заңнамада жасына байланысты жауапкершілікті анықтаған кезде әртүрлі жас көрсетілген.  

Ювеналдық заңнаманы түзеткен дұрыс

Ең төменгі жас – 14 жас. Бірақ қазіргі таңда есірткі қойып кетушілер арасында 14 жасқа дейінгі жасөпірімдер ұсталынып жатады. Оларға қылмыстық жауапкершілік жоқ, себебі бізде көрсетілмеген. Қылмыс құрамы болмағандықтан, жауапкершіліктен босатылады. Соған ұқсас сексуалдық сипаттағы қылмыстар бар. Олардың барлығы ауыр қылмыстар болып саналады. Алайда мұнда да жас ерекшелігіне сәйкес жауапкершіліктен босатылып жатады. Егер әлемдік тәжірибені қарасақ, Юнисеф пен БҰҰ баланың қылмыстық жауапкершілік жасын 12 жастан төмен көрсетуге қарсы. Олар 12 жастан жоғары жауапкершілік көрсетуге келіседі. Солардың да ойларын негізге ала отырып, кейбір аса ауыр қылмыстардың санаттарына 12 жасқа дейін түсіру қажет дегенге келісемін. Мысалы, сексуалдық сипаттағы, есірткіні тасымалдауға байланысты қылмыстар.

Бәлкім, мұнда гибридті негізде жасаған дұрыс шығар. Гибридті жауапкершілік дегеніміз мысалы бізде 14 жасқа дейін жауапкершілік көрсетілген. Алайда кейбір қылмыстар бойынша жауапкершілікті 12 жастан да көрсете аламыз дегендей. Жасөспірім 12 немесе 13 жасында өзінің әрекетіне жауап бере алатын болса, оған психологиялық сараптама жүргізу керек, онда жауапкершілікке тарту керек. Егер де эксперт бала жас ерекшеліктеріне сәйкес өзінің әрекетіне баға бере алмайды деп шешім шығарса, онда жауапкершіліктен босату қажет. Осындай психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жауапкершілікке тартуды анықтаған жөн деп ойлаймын.

Бізде құқықтық білім жоқ, құқықтық насихат жүргізілмейді. Салдары осыған алып келеді. Қылмыстың жаман екені, қылмыстық жауапкершілік бары жайлы мектептерде ақпарат жоқ. Мысалы, ювеналды полиция бар, бірақ олардың жұмысы тиімді емес. Негізінен ювеналдық заңнаманы түзеткен дұрыс.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу