2022 жылдың соңында Украина басшысы Владимир Зеленский арнайы жарлыққа қол қойып, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізуге заң жүзінде тыйым салған болатын. Яғни, бұл Киевтің принципиалды позициясын көрсетіп отыр. Зеленский бірнеше рет Путин президент болып тұрған шақта "Ресеймен ешқандай бейбіт келіссөз болмайды" деп берген сұхбаттарын да білеміз. Сондықтан бұл жерде Зеленскийдің басты талабы алдымен Ресей әскері басып алған Украина жерлерінен кетуі тиіс, содан кейін ғана диалогқа қадам жасалады дегенге меңзеп отыр.
Ал Мәскеу керісінше "Украина қазіргі шындықты мойындасын, Ресей аннексиялаған Қырым, Донбасс және бейтарап мәртебеге көшу деген сияқты шарттарға қол қойсын" деп отыр. Оны қабылдау Киев үшін капитуляциямен тең екенін тағы да атап өту керек. Осындай қарама-қайшы талаптар жағдайында екі көшбасшының ортақ бір үстел басына отыруы өте қиын жағдай. Бұдан бөлек соңғы екі жылды қарайтын болсақ, бірнеше дипломатиялық делдалдар екіжақты кездесу идеясын ұсынған болатын, Түркия президенті Ердоған болды, БҰҰ болды, тіпті Қытай мен Африка мемлекеттері өкілдері де бейбіт келіссөзге шақырды. Оның арасында қазір Трамп та бар. Әсіресе, соңғы жылы Трамптың әрекеттерін де көріп отырмыз.
Бірақ Путин болсын, Зеленский болсын, бұған иланып отырған жоқ. Путин тіпті "Украина тәуелсіз саяси субъект емес, ол Батыстың қуыршағы" деп есептейтінін жасырмайды. Ал Зеленский Путинге не айтса да, сенбейтінін ашық айтты. Диалогқа келуі мүмкін бе деген сұраққа келсек, бұл жағдайды өзгертудің сценарийі мынадай. Біріншіден, соғыс даласындағы жағдай елеулі түрде бір тараптың пайдасына шешілсе немесе керісінше екіжақты ұзақ соғыстан қажып, ешқайсысы толық жеңіске жете алмайтынына көз жеткізсе, диалогқа отыруға мәжбүр болуы мүмкін. Одан кейін сыртқы факторларды да айту керек. Яғни, халықаралық араағайындық жасап жүрген талпыныстардың нәтижесі болуы мүмкін. Мысалы, Дональд Трамп сайланғаннан кейін Вашингтон қазіргі таңда бейбіт келіссөзді ұйымдастыруға барынша күш салып отыр. Соңғы рет Еуропа көшбасшыларымен бірлесіп Трамп әкімшілігі Зеленскийді қабылдады, оған дейін Аляскада Путинмен кездесті. Бұдан әлі нақты шешім көріп отырған жоқпыз. Кремль келіссөз мүмкіндігін риторика жүзінде жоққа шығармаса да, кездесу мұқият дайындалу керек деген сияқты уақыт ұту позициясына көшіп отыр.
Украина президенті Путинмен кездесу орнына байланысты шарттарын айтып отыр. Ол Ресейдің өз аумағында немесе одақтас алаңында кездеспейтінін айтты. Яғни, Зеленский Мәскеуде, Будапештте кездесу мүмкін емес деп санайды. Енді Мәскеу түсінікті, соғыс кезінде оған бара алмайтыны да белгілі. Ал Венгрия астанасы Путин үшін ыңғайлы, бірақ Зеленский оны қолдамай отыр. Бұл түсінікті, себебі Венгрия премьері Виктор Орбан ашық түрде Путинге жақтасып отыр. Бұл елде Украина басшысы өзін қауіпсіз және әділ мәміле жағдайында сезінбейтіні түсінікті. Зеленский бейтарап елдердің тізімін айтып отыр. Олардың бірі – Швецарияның Женевасы. Егер Швейцария жағы қызығушылық білдіріп, Путинді шақыртатын болса, оның барлығы жүзеге асуы мүмкін. Бірақ бұл жерде кепілдік қажет деп айтылады. Одан кейін ықтимал орын – Трамп айтқан Ватикан. Ватиканның қасиетті тағы – бейтарап беделге ие ел. Ол халықаралық сот юрисдикциясына кірмейді. Теориялық тұрғыдан, Ватикан екі жаққа да ыңғайлы орын болуы мүмкін. Түркия, Польша, Израильдің де аты аталып жатады. (...) Сондықтан Зеленский кездесудің қайда өтетініне бей-жай қарамайтынын көріп отырмыз.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін