Жаңа үкімет басшысы таза саяси ұстаныммен қойылған фигура

2262

Неліктен таңдау Олжас Бектеновке түсті? Оның артықшылықтары мен кемшіл тұстары қандай? Жаңа үкіметтен не күтеміз? 

Жаңа үкімет басшысы таза саяси ұстаныммен қойылған фигура

Жаңа Премьер-Министр — Президенттің таңдауы. Әрине ол AMANAT партиясымен келісті, олар оны ұсынды, яғни заңдылық сақталды. Олжас Бектеновтің осы лауазымға тағайындалуына 2-3 мәселе септігін тигізді. Біріншіден, ол - болашағынан үміт күттірер, Тоқаевтың жақын тартатын адамы. Оны бұған дейін де негізгі қызметтерге қойып жүрді. Ал Премьер-Министрдің көшбасшыға жақын болуы — Президент үшін маңызды шарттардың бірі. Екіншіден, Бектенов жемқорлыққа қарсы күрестің басшысы есебінде халыққа да, қоғамға да "позитивті" тұлға ретінде танылып үлгерді. Жемқорлық жайлаған Қазақстанда онымен күресушінің сондай қызметке ұсынылуы, менің ойымша, қоғамда да қолдау табады. Үшіншіден, Бектенов "ескі Қазақстан" қатарынан әлі көріне қоймаған жас маман. Ол да белгілі бір артықшылықтар сыйлайды. Қысқасы, бұл таза саяси ұстаныммен қойылған фигура. 

Жаңа премьер-министр Бектеновтің бір кемшіл тұсы — оның шаруашылықпен айналыспағаны. Негізінен Премьер-Министрлердің барлығы дерлік шаруашылықта болған, сол саланың мамандары, ал жаңа басшы — заңгер.

Оған қоса осы күнге дейін Бектеновтің жеке өзінің экономикалық, не болмаса, әлеуметтік бағыттағы бағдарламасын әлі көрген де естіген де жоқпыз. Ол заңгер болғаннан кейін экономикалық бағытта не айтарын алдын ала болжап, білу мүмкін емес.

Үкіметтің жаңа құрамына келер болсақ, бос қалған лауазымдарға сол баяғы, бұрыннан билікте жүргендер арасынан кез-келгенін қоя салуға болады, әдеттегідей, одан ештеңе өзгермейді. Себебі егер біз Парламенттік Республика болсақ, жеңген партия өзінің адамдарын, мамандарын алып келіп, жаңа бір бағдар ұсынар еді, біз билікте жаңа фигураларды көрер едік. Олардың осы уақытқа дейін нендей мәселе көтеріп, билік бағдарламасымен қалай күрескенінен, сын-талаптарынан хабардар болар едік. Ал біз ондайды өмірі көрмегенбіз. Сондықтан кез-келген адам қазір жаңа орындарға келе алады, бір емес, бірнеше рет бір қызметке тағайындалғандарды да көріп жүрміз. Мұнда да бәлеңдей бір өзгеріс күтпеймін.

Жаңа үкімет жаңалығымен келеді деп ойламаймын. Біздегі Премьер-Министр де, Министрлер кабинеті де Президенттің нұсқауымен жұмыс істеп, айтқан бағытымен жүреді. Менің ойымша, бағыт бұрынғысынша қалады, басты мақсат — бюджетін шикізат есебінен ғана толтыратын елден өндіруші мемлекетке айналу. Отыз жылдан бері айтылып келе жатқан сол баяғы міндет — экономика бағдарын бұру, әсіре, ауыл шаруашылығына ден қою, өзіміздің өнімдерімізді өңдеу. Одан бөлек инфляцияны тоқтату, халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеру — жылдар бойы келе жатқан стандартты мақсат-мүдделеріміз. Мәселе соның жүзеге аспауында болып отыр, атқарушы билік ел басына түскен тәуекелдерді жеңе алмай келеді. Сондықтан, өз басым, жаңа бір бағытты көріп отырған жоқпын, жаңа Министрлер кабинеті ауыз толтырып айтарлық өзгеріс әкеледі дегенге сеніңкіремеймін.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу