Бұл өзгерістер Қазақстанды білімге, зияткерлік әлеуетке және инновацияға сүйенген мемлекет ретінде орнықтыруға бағытталған.
Ғылым мен білім – кез келген елдің экономикалық қуаты мен бәсекеге қабілеттілігінің басты тірегі. Конституциялық деңгейде білімнің қолжетімділігі, ғылымды дамытуға мемлекеттік қолдау, академиялық еркіндік пен зерттеу қызметінің дербестігінің бекітілуі жоғары оқу орындары мен ғылыми қауымдастық үшін жаңа серпін береді.
Мен Қызылорда қаласындағы "Болашақ" университетінің Құрылтайшысы ретінде атап өткім келеді: жаңартылған Ата заңдағы бұл ұстанымдар университеттердің тек білім беретін мекеме ғана емес, ұлттың интеллектуалдық капиталын қалыптастыратын орталық ретіндегі рөлін күшейтеді. Ғылыми зерттеулерді экономикамен, өндіріс пен қоғам сұранысымен ұштастыруға құқықтық негіз қаланады.
Әсіресе, ғылым мен инновацияны қолдау, жас ғалымдардың әлеуетін арттыру, білім мен еңбектің әділ бағалануы ел экономикасының сапалы өсіміне жол ашады. Бұл – адами капиталды бірінші орынға қоятын өркениетті таңдаудың айғағы.
Жаңартылған Конституциядағы ғылым мен білімге қатысты өзгерістерді қолдай отырып, біз Қазақстанның болашағы білімді ұрпақтың, бәсекеге қабілетті ғылымның қолында екенін нақты сезінеміз. Ата заңға сүйенген ғылым мен білім – елдің тұрақты дамуының кепілі.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін