Бұл қазіргі жаһандық шындықты дәл сипаттайды. Бүгінде компаниялар жасанды интеллектті барынша тез қолданысқа енгізіп жатыр. Бірақ оның қауіпсіз пайдаланылуына арналған нақты ережелер мен стандарттар әлі қалыптасып үлгермеген. Сондықтан үлкен проблемалар пайда болды: технология бар, бірақ оны қалай дұрыс әрі қауіпсіз қолдану керектігін реттейтін тетіктер жоқтың қасы. Дәл осы жағдай бизнес пен мемлекет үшін осал тұсқа айналуда. Яғни, бір жағынан ЖИ бизнеске жылдамдық пен жаңа мүмкіндіктер берсе, екінші жағынан егер қауіптер ескерілмесе, ол қаржылық шығындарға, беделдің жоғалуына, тіпті ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер алып келуі мүмкін.
Әлемдік зерттеулер жасанды интеллектті бизнес-практикаға енгізудің тез қарқынмен өсіп келе жатқанын көрсетеді. McKinsey компаниясының соңғы ғаламдық сауалнамасына сәйкес, компаниялардың үштен екісінен көбі кем дегенде бір бизнес-функциясында ЖИ-ды пайдаланады. Салыстырар болсақ, бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш бар болғаны шамамен 50% болған. Демек, ЖИ-дың таралу қарқыны айтарлықтай жылдамдады. Бұл үдерісті жеделдеткен негізгі фактор – генеративті жасанды интеллекттің пайда болуы. Мұндай құралдар іске қосылғаннан кейін бір жылға жетпей-ақ компаниялардың үштен бірі генеративті ЖИ-ды тұрақты түрде жұмысында қолдана бастады. ChatGPT-дің жаппай танымалдығы бұл үрдісті айқын көрсетеді. 2025 жылдың наурызына қарай ChatGPT әлемдегі ең көп қаралатын сайттардың алғашқы бестігіне кірді және айдың ең көп жүктелген қосымшасы болды.
Қазақстан да бұл үдерістерден шет қалған жоқ. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің сауалнамасына сәйкес, ел азаматтарының 65%-ы күнделікті өмірінде ЖИ технологияларын қолданады, ал 35%-ы оларды кәсіби қызметінде пайдаланады. Бизнес те қызығушылық танытып отыр.
Бір жағынан, ел үлкен мақсаттар қойып отыр. Дегенмен, Қазақстандағы бизнес пен корпоративтік сектор деңгейінде ЖИ қауіптерін түсіну мәдениеті әлі қалыптасу кезеңінде тұр. Жергілікті нарықтағы зерттеулерге сәйкес, көптеген компаниялар ЖИ-ды енгізудің бастапқы сатысында ғана тұр және әлі толық көлемде оған ілесетін қатерлермен бетпе-бет келген жоқ.
Жасанды интеллект бизнеске, яғни шығындарды азайтудан бастап инновациялық өнімдерге дейін орасан зор мүмкіндіктер береді. Сондықтан оны жылдам қарқынмен енгізу толықтай орынды. Алайда соңғы жылдардағы оқиғалар айқын көрсеткендей, ЖИ-дың тәуекелдерін дұрыс бағаламау барлық артықшылықтарды жоққа шығарып, компанияға ауыр соққы беруі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                                