Жүзу қабілеті – бала үшін өмірлік қажетті дағдылардың бірі

2535

Суда өзін дұрыс ұстай білу бірнеше адамның өмірін құтқарады, деп есептейді елордалық Су спорты түрлері федерациясының президенті және Ұлттық Құрылтай мүшесі Қанат Сахария.

Жүзу қабілеті – бала үшін өмірлік қажетті дағдылардың бірі

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың басынан бері Қазақстанда 130 адам суға батып кеткен. Оның ішінде 47 бала. Жыл сайын елімізде 400-ге жуық азамат суға кетеді. Яғни, бұл күн сайын 1 адам суға кетіп қаза табады дегенді білдіреді. 

Бірақ та, мұндай қайғылы көрсеткіштерді басқа елдерден де көруге болады. Әлемде жыл сайын 230 мыңға жуық адам суға батады. Бұл проблема трагедиялық сипатқа ие болып, 2021 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны әлемдік деп танып, 25 шілдені Адамдардың суға батуының алдын алу күні деп жариялады. ДДҰ атап өткендей, бұл жүзу және суда ойнау кезіндегі жазатайым оқиғалардан болатын өлімге байланысты. Мұнда су тасқыны және су көлігіндегі оқиғалар кезінде адамдардың қаза табуымен байланысты  деректер есепке алынбайды.

Еліміздегі жағдайға оралатын болсақ. Қазақстанда жүзу сияқты өмірлік маңызды дағдыға дұрыс көңіл бөлінбегенін атап өту керек. Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, отандық мектептерде бүкіл ел бойынша 62 бассейн ғана жұмыс істейді. Ал, елімізде 7400-ден астам мектеп бар десек, 0,86% білім беру ордаларының оқушылары ғана мектеп бағдарламасы аясында жүзуді үйрене алады екен. 

Жүзу сабағы міндетті білім беру бағдарламасына енгеніне қарамастан, оны ауызша үйрету мүмкін емес. Сол себепті де, судағы өлім-жітімді азайту мақсатында заңнамалық шараларды әзірлеп және оны қабылдау керек. Оған суға түсу маусымы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің критерийлерін, әкімдерді бағалау рейтингіне балалардың судағы өлім-жітім көрсеткішін енгізу қажет.

Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігіне 1-3 сынып оқушыларына  жүзу дағдылары мен суда қауіпсіз жүру ережелерін үйрететін жалпыға бірдей оқыту бағдарламасын енгізу қажет. Бассейндер салу мүмкін болмайтын ауылдық округтерге жүзудің және суда қауіпсіз жүру ережелерінің көшпелі оқыту бағдарламасын қарастыруға болады.

Келесі сұрақ қажетті инфрақұрылымның болуымен тығыз байланысты. Мысалы, Нұр-Сұлтанның сол жағалауын алсақ, бассейндер бар орындарды атап өтуге болады. Тұран көшесіндегі Qazaqstan жеңіл атлетикалық кешенінде екі бассейн, оның қасындағы "Барыс Арена" спорт кешенінде де олимпиадалық стандарттар бойынша екі бассейн бар. Хан-Шатырға таяу RelaxFit & SPA-да,  "Сарыарқа" велотрегінде, Назарбаев Университетінде бассейн бар. Яғни, жүзуге арналған орындар бар екендігін көріп отырмыз. Десек те, олар ата-аналардың қалтасын қағады, себебі балалар абонементі 20 мың теңге және одан да жоғары тұрады. Кейбір ата-аналар мұндай қаражат шығынын көтере алмайды. 

ArtSportEdu бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі мекемелер мен орта мектептерде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шарттарына сәйкес қымбат емес жүзу бассейндер құрылысының кешенді бағдарламасын әзірлеу және балаларға арналған жүзу сабақтарын субсидиялау бұл мәселенің шешімі болуы мүмкін. 

Осылайша біз бірқатар пайдаға кенеле аламыз: балаларымыз жүзе алатын болады және суға кеткендердің қатарын толтырмайды, екінші маңызды нәрсе – болашақ чемпиондарды тәрбиелеу, балалар ерте жастан бастап спорт әлемінен тани бастайды, үшіншісі – дені сау ұлтты тәрбиелеу. Мемлекет ата-аналармен бірге бұл процеске атсалысып, балаларды суда жүзуге жаппай үйретуі тиіс деп есептеймін. Біз балаларға жүзуді ғана үйретіп қоймай, қиын жағдайдың алдын алуға да көмектесеміз.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу