Каспий Құбыр Консорциумы-Қазақстан («КҚК-К» АҚ) қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде Атырау облысының 3 ауылдық мектебі үшін бес химия кабинетін жаңғырту жобасын ұсынды.
Махамбет кентіндегі Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектепте, Исатай кентіндегі Ғабитолла Мәсәлімов атындағы орта мектепте және Мақат кентіндегі Х.Сенбаев атындағы орта мектепте жаңартылған мамандандырылған сыныптар ашылды.

Махамбет кентіндегі Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектепте өткен химия кабинеттерін тапсыру рәсіміне «КҚК-Қ» АҚ ҚР Үкіметімен байланыс департаментінің өкілдері, Атырау облысының білім беру саласының басшылары, мектеп директорлары қатысты.

Шара барысында таныстырылған жаңа сыныптарда жоғары сынып оқушылары оқиды. Мұнда интерактивті тақта, зертханалық қондырғылар мен химиялық реактивтер жиынтығы орнатылған. Барлық жабдықтар мен жиһаздар 7-11 сынып оқушыларының зертханалық сабақтарын өткізуге бейімделген. Осындай жабдықтаудың арқасында оқушылар теорияны оқып қана қоймай, сондай-ақ толық тәжірибелер де өткізе алады, бұл химия-биологиялық бағытта маманданған оқушылар үшін ерекше маңызды. Химия кабинеттеріне арналған жабдықтарды алған мектептерде барлығы 2,8 мыңнан астам бала оқиды.

Атырау облысы Білім басқармасының басшысы Марат Әбуовтың пікірінше, жоба «Қазақстан балалары» мемлекеттік бағдарламасының міндеттеріне толығымен сәйкес келеді және ауылдық жерлердегі оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
«Бүгінгі таңда практикалық тәжірибелер мен заманауи әдістемелерді қолдана отырып, сабақтардың көрнекі және қызықты болуы ерекше маңызды. Атырау облысының ауылдық мектептеріндегі химия кабинеттері осы талаптарға толық жауап береді. Мектептерде оқушылармен бірге эксперименттерге және мектеп бағдарламасы шеңберінде терең ғылыми жұмысқа дайын белсенді педагогтардың болуы маңызды. Облыс әкімінің атынан «КҚК-Қ» компаниясына мемлекеттік мектептерде жаратылыстану ғылымдарын оқытудың жаңа форматтарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысымызды білдіреміз», - деді басшы.
«КҚК-Қ» АҚ Бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин компания денсаулық сақтау, білім беру, экология, мәдениет және спорт салаларындағы қайырымдылық жобаларын жүзеге асыра отырып, Атырау облысының әлеуметтік саласына жыл сайын бір жарым миллиардтан астам теңге салатынын хабарлады.

«Білім саласын қолдауға ерекше көңіл бөлеміз. Өткен жылы Атырау қаласының Талғайран ықшам ауданында 900 орындық мектептің құрылысын аяқтадық. Махамбет ауданы Алға ауылында балабақша салу жобасын бастаймыз. Биыл біз ауыл мектептерінде жаратылыстану ғылымдары бойынша өзекті қолданбалы білім алуға жағдай жасауға баса назар аудардық. Бүгінде біз мектептерге беретін заманауи химия кабинеттері жасөспірімдерге кәсіби таңдау жасауға және мұнай-газ мамандықтарына қарай қадам жасауға көмектеседі», - деп атап өтті Қайыргелді Қабылдин.

AYALA қоры әкімші ретінде жүзеге асуына қолдау көрсеткен қайырымдылық жобасының жалпы құны 78,6 млн теңгені құрады.
