Ақтаудағы облыстық перинаталдық орталық гипотермия аппараттық кешенімен жабдықталды

Ақтау қаласындағы Облыстық перинаталдық орталығында гипотермия және амплитудалық электрэнцефалография аппараты орнатылды. Олар Маңғыстау облысының жаңа туған нәрестелерінің өмірі мен зиятын сақтап қалуға көмектеседі.

Ақтаудағы облыстық перинаталдық орталық гипотермия аппараттық кешенімен жабдықталды

Бұл облыс елде жаңа туған нәрестелер өлімі жоғары өңірлердің бірі болып табылады. Сондықтан «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен Ақтау қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа заманауи реанимациялық жабдықтар жиынтығы сыйға тартылды.

Терапиялық гипотермияны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Аппарат арқылы нақты температуралық әсер ету қан ағынын түзетуге және нәрестелердің бас миының жасушалары мен зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді. Амплитудалық электрэнцефалография мониторы дәрігерлерге жаңа туған нәрестелерді құтқару және емдеу үшін қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі. Бұрын облыстың дәрігерлерінің сәбилерді қолда бар құралдардың көмегімен құтқаруына тура келетін.

«Балалар өлімін азайту мәселесі Маңғыстау облысы үшін әлі де өзекті болып отыр. Сондықтан біз дәрігерлерге жаңа туған нәрестелерді құтқаруға, емдеуге және сауықтыруға көмектесетін осы озық медициналық жабдықты алғанымызға қуаныштымыз», - деп атап өтті Ақтау қаласындағы Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Жапырақ Кеңесханқызы Епенова.

Бұл медициналық мекеме 230 төсекке есептелген және Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінен ІІІ деңгейдегі жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету бойынша жалғыз мекеме болып табылады. Қауіптілігі жоғары топтағы болашақ аналар жан-жақты білікті медициналық қолдау мен емделу үшін осы орталыққа жіберіледі.

Маңғыстау облысының перинаталдық орталығына AYALA ҚҚ «Басқарылатын гипотермия» жобасы аясында көмек көрсетілді. Бұл жоба босану кезінде ауыр және орташа ауыр асфиксиямен туған балалардың өмірі мен денсаулығын құтқаруға бағытталған. 2017 жылдан бастап Қазақстанның 9 қаласында орнатылған жабдықтармен 213 жаңа туған нәресте құтқарылды.

«Біз 15 жыл бойы Қазақстанның балалар реанимациясын балалар мүгедектігін азайтуға көмектесетін құрал-жабдықтармен және емдеу технологияларымен қамтамасыз етіп келеміз. Гипотермияның аппараттық кешені жаңа туған нәрестенің бас миын сақтап қалуға және оны гипоксияға байланысты қайтымсыз зақымданудан қорғауға көмектеседі», - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

«Samruk-Kazyna Trust» компаниясымен бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін AYALA қоры 2021 жыл бойы барлық облыстық Денсаулық сақтау басқармаларымен, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен баланы қорғау департаментімен жұмыс істеді.

Перинаталдық орталықтар бірнеше параметрлер бойынша таңдалды: босану барысындағы асфиксия кезінде механикалық гипотермияны қолдану жағдайларының саны (салқын су немесе мұз салынған пакеттер немесе медициналық қолғаптар) және автоматты гипотермия аппараттарының болмауы. Нәтижесінде 22 перинаталдық орталықтың тізімі жасалды. Ең көп механикалық гипотермия қолданатын алғашқы бесеуі жабдықты «Samruk-Kazyna Trust» компаниясының қолдауымен 2022 жылдың шілде айында ала бастады.

«Самұрық-Қазына» АҚ өзінің қайырымдылық қызметінде өңірлік жобаларға көп көңіл бөледі. Денсаулық сақтау саласындағы бастамаларға ерекше қолдау көрсетілуде. Бүгін перинаталдық орталығымыз қажетті құрал-жабдықтарға ие болды, енді дәрігерлер жаңа туған нәрестелерді уақыт жоғалтпай құтқара алады», - деді «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Дариға Өтебалиева.

Бұрын осындай жабдықтар Талдықорған қаласындағы перинаталдық орталыққа орнатылған болатын. 2022 жылдың қазан айының соңына дейін «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры Орал, Өскемен және Шымкент қалаларының перинаталдық орталықтарында гипотермияның аппараттық кешендерін орнатады.

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу