Әрбір болашақ ана өз баласын құрсағында көтере жүріп, жүктілік пен босанудың сәтті болуына үміттенеді. Бірақ кейде бәрі жоспар бойынша бола бермейді. Босану кезіндегі жиі кездесетін асқыну - асфиксия. Ол баланың өміріне елеулі қауіп төндіреді, себебі ұзақ уақыт бойы оттегінің жетіспеуінен ми жасушалары бұзылады. Мұндай күрделі жағдайларда перинаталдық орталықтардың дәрігерлері көмекке келуге әрқашан дайын. Олар ана мен жаңа туған нәрестелерді құтқарып, бүкіл ел бойынша мыңдаған отбасыларға қуаныш пен үміт сыйлайды, нағыз ғажайып іс жасайды.
Гуляра Қылышжанова Ақтауда тұрады, ол 24 жаста, өзінің тұңғыш баласы туған кездегі барлық күйзелісті әлі күнге дейін есінен шығарған емес.
«Маған бала туғанда тұншығып қана қоймай, ұрық маңындағы суларды да жұтқаны айтылды. Қызым соншалықты кішкентай әрі дәрменсіз, менің алғашқы босануым, не істеу керектігі туралы ештеңе білмедім. Дәрігерлер мені бірінші минуттан бастап қамқорлығына алды. Олар менің қызымды гипотермия аппаратына бірден қосып қойды. Маңғыстау Облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері жақында заманауи аппарат келіп түскенін және ол менің қызымның денсаулығы мен жалпы өміріне көмек көрсете алатынын айтты», - дейді Гуляра.
Босану кезінде тұншығу немесе асфиксия гипоксияға әкеп соқтырады және баланың бас миын оттегі мен глюкозадан айырады. Гипоксия жаңа туған нәрестенің өліміне ғана себепші болып қалмайды. Бала аман қалса да, егер оған жедел медициналық көмек көрсетпесе, ол мүгедек болып қалуы мүмкін. Өйткені гипоксия ағзада өте маңызды функционалдық бұзылыстарға әкеледі. Гипоксия салдарларымен күресуге бүкіл әлемде өзін көрсеткен жалғыз терапиялық әдіс - гипотермия немесе жаңа туған нәрестені біртіндеп салқындату және дәл осылай біртіндеп жылыту көмектеседі.
Маңғыстау Облыстық перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Кеңесханқызы Епенованың пікірінше, сәби өмірінің алғашқы сағаттарында гипотермияны қолдану қажет.
«Жаңа туған нәрестенің ми жасушасының өлімінен құтқару мүмкіндігі бар, бірақ жылдам әрекет ету керек. Туған сәттен бастап гипотермияға алғашқы 6 сағат қана бар. Неғұрлым ерте болса, әсері соғұрлым жақсы. Бізді автоматты гипотермия аппараты құтқарады. Оны өткен жылы Samruk Kazyna Trust қорының қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры орнатып берген болатын. Бұл аппарат бірқатар еңбекті қажет ететін манипуляциялар жасайды. Біріншіден, жаңа туған нәрестені 33-34 градусқа дейін біртіндеп салқындатады, екіншіден, оның дене температурасын осы деңгейде ондаған сағат бойы ұстайды. Барлық процестер автоматтандырылған, оған қоса баланың бас миының көрсеткіштерін қадағалайтын монитор да бар. Персоналдың қателіктері механикалық, қол гипотермиясымен салыстырғанда нөлге түсті», - дейді Жапырақ Епенова.
Қазір AYALA қорының арқасында осындай жабдықтармен Қазақстанның перинаталдық және ғылыми орталықтарының 30%-дан астамы жабдықталды. Осыдан 5 жыл бұрын барлық перзентханалар мен перинаталдық орталықтарда жаңа туған нәрестелерге гипотермия қолда бар құралдармен жасалды - нәрестелерді медициналық қолғаптармен немесе өте суық су немесе мұзы бар пакеттермен құрсауланды. Содан кейін 72 сағат бойы кәдімгі градусниктің көмегімен олардың температурасын бақылап отырды.
«Біз бұл жағдайды білген кезде, гипотермияның бірінші аппараты мен амплитудалық электроэнцефалография мониторын сатып алуға қаражат жинаумен қатар, бұл кешенді мемлекеттік сатып алу үшін міндетті ету үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жүгіндік. Осы бағыттағы күш-жігерді үйлестіру туралы Меморандумға қол қойылды. Қазір AYALA қорынан алынған гипотермияның аппараттық кешендері еліміздің 14 медициналық мекемесінде тұр. Тек 2022 жылы ғана бас серіктес - Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен біз 5 медициналық мекемені жарақтандырдық. Сол жерде 9 жаңа туған нәрестені құтқарып қалды! Бұл өте үлкен көмек, ұлт денсаулығын сақтауға қосқан зор үлес - біздің құрметті серіктесімізге шын жүректен алғыс айтамыз», - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Маңғыстау Облыстық перинаталдық орталығында гипотермия аппаратының көмегімен құтқарылған жаңа туған нәрестелердің барлық аналары да осындай шексіз алғысын айтып отыр.
2022 жылдың қазан айында перинаталдық орталығында Жазира Қылышаева өзінің егіздерін дүниеге әкелді. Сәбилердің біріне жаңа туған нәрестенің церебралды депрессиясы деген диагноз қойылды. Қыздардың анасы босанғаннан оңала алмай жатқан кезде дәрігерлер амалдың бар екенін және балаға көмектесуге болатынын айтты!
«Дәрігерлерге, «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен AYALA қайырымдылық қорына көп рахмет. Осы аппараттың арқасында менің кішкентай балам аман қалды, әл жинап келеді, қазір оның жағдайы жақсы», - дейді Жазира Қылышаева.
Айзада Қайырбаеваға жаңа туған баласы Алдабергенмен бірге аудандық перзентханадан Маңғыстау Облыстық перинаталдық орталығына «асфиксияның ауыр дәрежесі» диагнозымен әкелінді. Алдаберген бірден гипотермия аппаратына қосылды.
«Менің ұлымның тірі қалуына аппарат әсер етті! Қазір біз үнемі невропатологқа қаралып жүрміз. Бастың көлемін қадағалаймыз, әрбір сантиметр біз үшін өте маңызды. Мен осындай қажетті аппаратты сатып алуға көмектескен мейірімді адамдардың арқасында ұлымды құшақтап, сүйіп жүрмін. Ол бізге өте жақсы көмектескеніне сенімдімін! «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен AYALA қайырымдылық қорына және перзентхананың барлық персоналына рахмет!», - деді Айзада Қайырбаева.
Оларға Гуляр Қылышжанова да қосылады: «Мен қазір де осы аппаратты Ақтауға әкелуге көмектескендерге алғысымды білдіремін. Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен AYALA қайырымдылық қорына - көп рахмет! Онсыз не боларын елестету қорқынышты. Әрине, дәрігерлерге, медбикелерге және жанымда болғандардың барлығына алғыс айтамын». Қазір қызы Айымға алты ай толды - жағдайы жақсы: ол тамақтанады, ойнайды, өсіп және дамып келеді.
«Қорлардың көмегі баға жетпес! Бұл аппараттық кешен дәрігерлерге жаңа туған нәрестелердің жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді, ол ми жасушаларының зақымдануы салдарынан сәбилердің денсаулығына қауіп-қатерді айтарлықтай азайтты», - деп атап өтті Маңғыстау Облыстық перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Кеңесханқызы Епенова.
2017 жылдан бері Қазақстанның 12 қаласының медициналық мекемелері AYALA қайырымдылық қорынан 14 автоматты гипотермия аппаратын және 13 амплитудалық электроэнцефалография мониторын алды. 2022 жылы Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен AYALA қоры Ақтау, Талдықорған, Орал облыстық перинаталдық орталықтарын, Өскемендегі Ана мен бала орталығын және Шымкенттегі Қалалық перинаталдық орталықты автоматты гипотермияға арналған аппараттық кешендермен жабдықтады. Алдағы жылдары тәжірибелі неонатолог дәрігерлердің қолымен олар жүздеген баланы мүгедектіктен құтқаруға көмектеседі.