Ретиналды камера жаңа туған нәрестелердің көру қабілетін сақтауға көмектеседі

Мұндай камера Қарағанды облыстық клиникалық аурухананың № 1 Перинаталдық орталығында орнатылды. 

Ретиналды камера жаңа туған нәрестелердің көру қабілетін сақтауға көмектеседі

AYALA қайырымдылық қорының «Жаңа туған нәрестелердің ретинопатиясы» жобасы Қарағанды облысында жаңа туған сәбилердің көру қабілеті бойынша мүгедектігін төмендетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz. Ретиналды камера Облыстық клиникалық аурухананың № 1 Перинаталдық орталығында орнатылды. Ол жоғары тәуекел тобындағы 20-дан астам нәрестені диагностикалауға көмектесті.

№ 1 Перинаталдық орталықта енді жаңа туған нәрестелердің көз ауруларын, оның ішінде балалардың көру қабілетінен толық айырылуына және мүгедектігіне әкеп соғуы мүмкін шала туған нәрестелердің ретинопатиясын ерте диагностикалауға және уақтылы емдеуге көмектесетін толық құрал-жабдықтар жиынтығы бар.

«Ретиналды камера біздің орталыққа жаңа туған нәрестелерде ретинопатия мен басқа да көз патологияларының ерте скринингін жүргізу үшін, әсіресе лазерхирургиялық оталарды жасау кезінде қажет болды. Жаңа туған нәрестелердің көз суреттері монитор экранына шығарылады, олар түрлі-түсті, анық көрінеді, баланың көз торындағы өзгерістер өте жақсы қаралады. Мен ауруға шалдыққан жерлерді нақты анықтап, олармен ұқыпты жұмыс істей аламын. Қажет болған жағдайда басқа қалалардағы әріптестерімнен кеңес ала аламын, алынған суреттерді оларға жібере аламын. Ретиналды камераға дейін диагноз қою кезінде менің тек маңдайлық офтальмоскопым болатын. Қазір жаңа туған нәрестелердің диагностикасын жүргізу жеңілдейді және анық болады», - деп атап өтті № 1 Перинаталдық орталықтың офтальмолог дәрігері Гүлімай Ертайқызы Баймұханова.

Қарағанды облысында жыл сайын 23 000-нан астам бала дүниеге келеді, тәуекел тобына мерзімінен бұрын туған 1300-ден астам бала жатады. Мұндай балалардың 40%-да ретинопатия – көру қабілетінің толық жоғалуына әкеп соқтыратын ауыр дерт диагнозы қойылады. Перинаталдық орталықтың офтальмологына ретинопатияға алғашқы скринингті туған күнінен бастап 21 күннен кейін жүргізу қажет. Егер ретинопатия анықталса, онда көз торының лазеркоагуляциясы іс жүзінде бірден – 24-72 сағат ішінде жүргізіледі.

Қарағанды облысы үшін ретиналды камераға қаражатты AYALA қайырымдылық қоры 10 ай бойы жинаған. Оған Qazaq Oil АЖҚС ұлттық желісі белсене қатысты. Бұл желінің барлық жанар-жағармай бекеттерінде «Шала туғандардың ретинопатиясы» жобасының бокстары мен QR-тақтайшалары орнатылған. Осының арқасында 5,7 млн теңгеден астам қаражат Qazaq Oil клиенттерінің қайырымдылық жарналары ретінде қорға түсті.

«Qazaq Oil әрқашан әлеуметтік бағдарланған компания болды. Біз үшін табысты бизнес-модельдің үлгісі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісі болу маңызды. Біз кәсіпкерлер ел азаматтарына қолдан келгеннің көмегін көрсетуі керек деп есептейміз. Сондықтан біз әрқашан түрлі көмектесетін, ал бұл жағдайда адамдардың өмірін құтқаратын бастамаларға құштарлықпен үлес қосымыз. Біз азаматтарды бей-жай қалмауға шақырамыз. Қоғамның, бизнес пен мемлекеттің бірлескен күш-жігерімен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, өмірімізді жақсарта аламыз», - деп атап өтті Qazaq Oil Қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Әсел Әлімханова.

2022 жылға дейін ретинопатияның ерте скринингіне арналған жабдық Қазақстанның 4 Перинаталдық орталығында ғана жұмыс істеді, және неонаталдық офтальмологтар да санаулы болды. Қазір AYALA қорының күш-жігерімен ол штатында офтальмологтары бар елдің 17 перинаталдық және ғылыми орталығында тұр. 12 орталықта, оның ішінде Қарағанды облысының № 1 Перинаталдық орталығында, неонаталды офтальмологтар жаңа туған нәрестелердің көз торына лазерхирургиялық ота жасайды.

«Біздің орталықта жыл сайын 5000-нан астам нәресте дүниеге келеді. Тек 2023 жылы ғана біз ерте офтальмологиялық скринингте 100-ге жуық баланы тексердік. AYALA қорының көмегімен скринингке ретиналды камера қосылды. Ретиналды камерадағы ерте диагностика жаңа туған балаларды мүгедектіктен құтқаруда маңызды рөл атқарады. Ол тек ретинопатияны ғана емес, көру қабілеті бойынша басқа да патологияларды анықтауға және дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз өте ыңғайлы ретиналды камераны алдық: тіпті ӨЖЖ-не қосылған жаңа туған нәрестені де жансақтау бөлімінде диагностикалауға болады. Біз онда 20-дан астам пациентті тексердік, үшеуінде ретинопатия анықталып, емделді. AYALA қоры мен Qazaq Oil АЖҚС желісіне біздің орталықта неонаталдық офтальмологияны дамытуға көмектескені үшін алғысымызды білдіреміз», - деп атап өтті Қарағанды облысы ОКА директоры Ержан Шәкірұлы Нұрлыбаев.

AYALA қайырымдылық қоры Қарағанды облысының медициналық орталықтарына 2011 жылдан бері көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде қор облыстың 3 медициналық мекемесін: Облыстық клиникалық аурухананың № 1 Перинаталдық орталығын, Балалар ауруханасын және Теміртаудағы Ана мен бала орталығын реанимация және диагностика жабдықтарымен жарақтандырды.

«AYALA қор жұмысының басты қағидаты – тиімді қайырымдылық. Бұл біздің серіктестеріміз бен қазақстандықтар берген әрбір теңгені еліміздің медициналық орталықтарында 5 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін заманауи жабдықтарға жұмсаймыз деген сөз. Біз 12 жыл ішінде біздің медициналық аппараттардың Қарағанды облысының бірнеше мың баласының өмірін сақтап қалғанына қуаныштымыз. 2022 жылдан бастап AYALA Қазақстанда туылғаннан бері мүгедек балалардың санын азайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Біздің ретиналды камерамыз өңірдің жаңа туған нәрестелерінің көру қабілеті бойынша мүгедектігін нөлге жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп атап өтті AYALA ҚҚ негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу