Жамбылда көптеген жылдардан бері жүйке аурулары интернат үйі болып келген ғимарат шипажай ретінде қайта жасақталды.
Денсаулық саласын дамытудың "2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы" аясында бұл ғимарат өзінің бастапқы мақсатында жұмыс жасамақ. Мемлекеттік бюджеттен шипажай ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 520 миллион теңге, ал материалдық-техникалық базасын нығайтуға 354 миллион теңге қаржы бөлінген.
Жалпы алаңы 4378,0 шаршы метр болатын 4 кешеннен құралған медициналық мекемеде негізінен тірек-қимыл аппаратының, жүйке жүйесінің, тері, хирургиялық, әйелдер мен ерлердің жыныстық аурулары емделеді. Шипажайда буындарды дамытуға арналған облыста теңдесі жоқ "Артромот" қондырғысы орнатылған.