Елiмiздегi ақ мақтаны өсiретiн жалғыз өңiр – Оңтүстiк Қазақстан облысында мақта терiмi басталды. Қазiргi таңда "ақ алтынды" жинауды Мақтаарал ауданындағы Атамекен, Ш.Дiлдәбеков, Мақталы, Қызылқұм, Жамбыл және Қарақай ауылдарындағы ұсақ шаруа қожалықтары бастап кеттi, деп хабарлайды ОҚО әкiмiнiң баспасөз қызметi.
Биыл облыста 134,6 мың гектар жерге мақта шитi себiлген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық. 2016 жылы шаруалар әр гектардан орташа есеппен 26,2 центнерден өнiм алып, барлығы 286,4 мың тонна ақ ұлпа жинаған. Егiс көлемiнiң артуына байланысты өңiрде 300 мың тоннадан астам мақта жиналады деп жоспарлануда.
Елiмiздегi "ақ алтынның" отаны саналатын Мақтаарал ауданында өткен жылы 83 мың гектарға мақта шитi себiлсе, биыл мақта алқабы 95 мың гектарға жеткен. Аудан шаруалары өткен жылы 218 мың тонна өнiм жинаса, биыл да мол өнiм алуды көздеп отыр.
Облыс бойынша мақта дақылы 9 ауданда егiледi. Алғаш болып жиын-терiм жұмыстары Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш аудандарында басталады. Ең соңғы болып "ақ алтынды" түркiстандық шаруалар жинайды.
Мақта – экспорттық әлеуетi жоғары дақылдардың бiрi. Елiмiз "ақ алтынды" негiзiнен Ресей, Қытай және Еуропа елдерiне экспорттайды. Мәселен, өткен жылы аталған мемлекеттерге елiмiзден 58 мың тонна мақта талшығы экспортталған.