Қарағанды аймағында "Қарағанды облысындағы В.И. Ленин атындағы шахтаның желдету көкжиегінен жоғары учаскесінде Д6 қабаты бойынша тас көмір шығару" инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. "Ақ жарық көмір" кәсіпорны Шахтинск маңындағы аумақта ашық тәсілмен көмір шығаруға кірісті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жобаның құны 300 млн теңгені құрады. Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда карьерде 100-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. 2017-ші жылдың желтоқсанында сынақ ретінде 8 мың тонна көмір шығарылды. Бірінші топтама сәйкесінше сертификат алу үшін ғылыми-зерттеу орталығына сараптамаға жіберілді.
Атқарушы директор Асқар Сұлтанбековтың айтуынша, кәсіпорын өнімін сатуға "КазРеалУголь" ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Алдағы уақытта көмірді Ресейге экспорттау жоспарланып отыр. 2018-ші жылы 104 мыңнан астам тонна көмір шығару көзделуде.
Көмір кәсіпорнының жұмысымен Шахтинск әкімі Сержан Аймақов танысып қайтты. Қала басшысы қарамағындағы қызметкерлерге өндірістік мәселелерді шешуде көмектерін көрсетуді тапсырды.
Шахтинск көмір разрезінің барланған қоры 1,5 млн тоннаны құрап отыр.