Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев "Ақтөбе-Атырау" автожолын қайта жаңғырту бойынша құрылыс жұмысын бастауға пәрмен берді, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
Ашылу рәсіміне "Todini Costruzioni Generali SpA" (Италия), SPIK Accord (Әзірбайжан), Ташиапи Иншаат (Түркия), Ant Inshaat (Түркия), "Dongsung" компаниясының халықаралық инженерлері (Корея), қадағалау қызметін атқаратын "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-нің және басқа да жоғарыда аталған мердігер ұйым өкілдері қатысты.
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, Ақтөбе облысында жалпы ұзақтығы 629 шақырым болатын "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" учаскесі салынды.
Қазіргі уақытта ұзақтығы 500 шақырым болатын Ақтөбе-Атырау учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуы керек. Бұл учаске Ақтөбеден Атырау мен Маңғыстауға дейінгі бағытты байланыстыратын "Нұрлы жол" бағдарламасына енгізілген. Осы бағыт арқылы Ресей Федерациясының Астрахань және Орталық Азия мен Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік бар. Автомобиль жолын қайта жаңғыртудың нәтижесінде жолға кететін уақыт айтарлықтай қысқарады. Сонымен қатар, бұл жерде шамамен 2 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі және олардың 90% -ы жергілікті тұрғындар болады.