"Әл-Баракат" компаниясы басшысына қатысты тағы бір істің тергеуі аяқталды

1093

"Әл-Баракат" компаниясы басшысына қатысты тағы бір істің тергеуі аяқталды

Астана қаласының мемлекеттік кіріс департаменті "Әл-Баракат" құрылыс компаниясының басшысына қатысты тағы бір істің тергеуін аяқтады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеулер қызметі "Әл-Баракат" құрылыс компаниясының басшысы Бақытжан Тойымбетовке қатысты жеке тұлғалардың ақшалай қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактісі бойынша қосымша эпизодтарға орай қылмыстық істің тергеуін аяқтады.

Ол "Әл-Баракат", "Селигер-К", "Косше-Копа", "Шанырак Строй KZ", "АсСем" және "Kaz AVTO development" ЖШС-терін құру және жеке тұлғалардың ақшалай қаражатын "Шарджа", "Прага", "Тенгиз", "Токио", "АкЖар", "Туран Астана" (Астана), "Құрылтай", "Жайлау", "Apple town" (ЖК "Alma Village")" (Ақмола облысының Целиноград ауданы) тұрғын үй кешендерін салуға тарту арқылы 800-ден астам жеке тұлғаның 1 млрд 89 млн теңгесін ұрлады деп айыпталуда", – делінген хабарламада.

Ведомство ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылғы 21 қарашада Тойымбетовке қатысты қосымша эпизодтар бойынша айыптау актісі Астана қаласы прокуратурасына бекіту және сотқа беру үшін жіберілген. Ағымдағы жылғы 2 желтоқсанда Астана қаласының прокуратурасы айыптау актісін бекітіп, Тойымбетовты сотқа берді.

Естеріңізге салсақ, Тойымбетов 2016 жылғы 17 шілдеде осындай қылмыстар жасағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған болатын. Тойымбетов пен онымен байланысты тұлғалардың 800 млн теңгені құрайтын мүлкіне тыйым салынды. Оған қоса, тергеу барысында фирманың штатында рәсімделмесе де, құрылысты басқарған Әлібек Қабылов есімді тұлға анықталды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде оның Өзбекстан Республикасының күштік құрылымдарының бұрынғы қызметкері Ойбек Кобилов екендігі анықталды. Ол 2005 жылдан бастап ауыр қылмыс жасағаны үшін аталған мемлекетте іздеуге жарияланған. Тергеу амалдарының нәтижесінде О.Кобилов Өзбекстанға экстрадацияланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу