"Al Hilal" ислам банкі" АҚ елімізде алғашқы "халал" банк карталарын ұсынды

1351

"Al Hilal" ислам банкі" АҚ елімізде алғашқы "халал" банк карталарын ұсынды

"Al Hilal" ислам банкі" АҚ Қазақстан нарығына алғашқы карталарын ұсынды. Банк бұл карточканы шариғат шартына сай жасаған, деп хабарлайды abctv.kz.
"Исламдық карта риба – тыйым салынған пайызының болмауымен дараланады. Яғни картадағы ақша қалдығына пайыздық сыйақы есептеуге тыйым салынған. Бұл карталардың тағы бір ерекшелігі – клиенттер банк картасы арқылы шариғат бойынша тыйым салынған тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алмайды. Банк картасын ойын-сауық және көңіл көтеру орындарында, казиноларда, букмекерлік кеңселерде, темекі және алкоголь өнімдерін сатумен айналысатын дүкендерде қолдануға болмайды", – деп мәлімдеді "Al Hilal" ислам банкі" АҚ-ның басқарма төрағасы Гордон Хаскинс. 
Әзірге "халал" карталар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары үшін ғана қолжетімді. Исламдық банк жақын арада картаның қолданылу географиясын кеңейтіп, оларды Қазақстанның өзге өңірлерінде де қолжетімді етуді жоспарлап отыр. 
Картаны ұстаушылар тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелде де тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады. Бұл ретте әрбір сатып алу үшін 0,5 пайыздан бастап, 1 пайызға дейінгі қаржы "кэшбэк" қағидаты бойынша картаға қайтады. 
Картаны интернет арқылы сауда жасау кезінде де қолдануға мүмкіндік берілген. Бұған қоса бұл картадан басқа банктің картасына ақша аударуға, салықты, айыппұлды, коммуналдық және өзге қызметтерді онлайн төлеуге болады.

Айтқандай, "Al Hilal" банктік картасы – Қазақстандағы алғашқы исламдық карта болып табылмайды. Одан бұрын, биылғы қазан айында "Әл Сақр Финанс" (Al Saqr Finance) компаниясы қазақстандықтар үшін шариғат нормалары мен қағидаттарына жауап беретін төлем карталарын іске қосқан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу