Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында "Алашты әлемге паш еткен "Абай жолы" атты көрме ашылды.
Игі шара қазақ әдебиетінің классигі, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына орайластырылды.
Академик Қаныш Сәтбаев бұл шығарманы "Қазақ өмірінің энциклопедиясы" деп атаған. Кеңестік қатал цензураға қарамастан жазушы роман-эпопеясы арқылы ұлы Абай жасаған дәуірді, қазақтың болмыс-бітімін, жан-дүниесін шебер суреттей білді. Шоқтығы биік туынды 110-нан астам тілде жарық көрді.
Көрмеде Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасы қойылған "Абай жолы" романың алғашқы басылымы, музей қорындағы қолжазбалары мен ғалымның Үндістан сапарынан әкелген ағаштан жасалған ыдыстар жиынтығы да бар.
"Абай жолының" өзі де сырт қарағанға, білмейтін адамға ғана сол заманның ырқымен кетіп қалған сияқты көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде "Абай жолы" барлығын объективті түрде әділ көрсеткен. Әрине кеңес заманының ызғары байқалып отырады. Жазушы соған қарамастан, ақынның заманын, бейнесін, ақынды қоршаған ата-анасы Құнанбайдан бастап барлығын өте дәл, өте көрегендікпен суреттеген", - деді Абайдың мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Болат Жүнісбеков.