"Алтын сапа" байқауында 138 компания бақ сынайды

844

"Алтын сапа" байқауында 138 компания бақ сынайды

"Алтын сапа" байқауына 138 компания қатысады. Бұл шаралар жайлы "Атамекен" ҚР ҰКП Жұмыспен қамту жөніндегі департамент директоры Жеңісбек Дулатов әңгімелеп берді, деп хабарлайды strategy2050.kz.

ҚР Президентінің "Алтын сапа" сыйлығы байқауы үш аталым бойынша өткізіледі: "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын", "Халық тұтынатын тауарлар өндіретін үздік кәсіпорын", "Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын". Әр аталымда шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері тұрғысында үш сыйлық беріледі.

"Алтын сапа" байқауына қатысуға 187 өтінім қабылданып, оның ішінде қажетті құжаттардың толық көлемін қамтамасыз еткен 138 компания алдын ала бағалаудан сүрінбей өтті. Осылайша "Алтын сапа" байқауында 138 компания бақ сынап, басым бөлігін шағын кәсіпкерлік субъектілері – 59 кәсіпорын, орта кәсіпкерлік субъектілері – 47 және ірі кәсіпкерлік субъектілері – 32 кәсіпорын құрауда.

"Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауы да үш аталым бойынша жүргізіледі: "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар", "Халық тұтынатын үздік тауарлар", "Үздік азық-түлік тауарлары".

Байқауды ұйымдастырушы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ағымдағы жылдың 16 шілдесі мен 31 тамызы аралығы өңірлік "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауларын өткізіп, оларға барлығы елдегі шағын, орта және ірі кәсіпкерліктің 674 субъектісі қатысты. Нәтижесінде 145 компания республикалық сайысқа жолдама алды. Міне осы республикалық сында жеңіске жеткендер төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолдана алады.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Іскер" сыйлығы ҚР Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған байқау және  "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауы аясында, аталған сыйлықтарға үміткер болған, алайда жүлдегерлер қатарына ілікпеген байқау қатысушыларын қосымша ынталандыру амалы ретінде бекітілген. 283 кәсіпорыннан алдыңғы қатарлы озық тәжірибесі ынталандыру мен қолдауға лайық 10 кәсіпорын "Іскер" байқауының жеңімпазы атанды.   

Үстіміздегі жылдың қараша айында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Ұлы дала елі" жалпыұлттық брендін қолдану құқығын табыстауға байланысты байқаудың өткізілетінін хабарлағаны белгілі. "Ұлы дала елі" белгісі еліміздің беткеұстар біртұтас бренді сипатында сапалы өнім мен қызметтерді біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан, жеңімпаздарға арналатын қосымша жеңілдіктерді ескерер болсақ, өндірушілерді жаңа белестерді бағындыруға ынталандырса, екінші жағынан, Қазақстанның халықаралық дәрежеде танымалдылығын арттырып, беделін нығайтады.

Байқауға қатысушыларға негізінен келесідей талаптар қойылды: экспортқа бейімділік; жергілікті қамту үлесі; халықаралық марапаттардың болуы; бренд атауы мен Қазақстанның шетелде бірдей қабылдануы.

Байқау барысында 23 тілек білдіруші тараптың өтінімі қаралып, іріктелген 12 үміткердің өндіріс орнына аттанған комиссия сапар қорытындысында алтауын таңдап, олар Ұлттық палата сайтындағы онлайн дауыс беруге ұсынылды. 2 желтоқсан дауыс беру нәтижесі сарапталып, үш үздік кәсіпорын, жоғарыда келтірілген байқау жеңімпаздары сияқты, 6 желтоқсанда марапатталатын болады.      

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу