Бейбітшілік және келісім сарайында "Карлаг" - "АЛЖИР" – Қазақстанның тарихи орындары" және "КАРЛАГ: абақтыдағы шығармашылық" тақырыбындағы көшпелі көрмелер өтуде, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Пирамида фойесінде ашылған экспозицияда абақтыдағы өмірді бейнелеген лагерь тұтқындары салған ондаған картинаны, олардың көйлек, орамал, ридикюль мен әтір су, және басқа да осы сияқты көптеген жеке заттарын көруге болады. Көрмені ұйымдастыруға саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешені, Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейі мен Бейбітшілік және Келісім сарайы мұрындық болды.
Екі музей де "Сакралды Қазақстан" картасына енген. Сұрапыл репрессияда құрбан болғандарға тағзым ету үшін мұнда жыл сайын жүздеген адам болып қайтады. Белгілі саяси және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, жазушылардың аналары, жұбайлары және қыздары темір торға тоғытылып, лагерьде жазаларын өтеген еді. Олардың ішінде үздік көркемсурет мектептерінде оқығандары да болды. Көрмеге нақ осы адамдардың суреттері қойылған.
Келушілер тұтқындардың жеке заттары арқылы олардың тұрмысымен және тыныс-тішілігімен таныса алады. Мұнда көйлектер де, бас киімдер де, фотосуреттері бар мұрағат құжаттар да бар. Көрмедегі экспонаттардың ішінен Ғазима Алманиязованың тозығы жеткен темір сандығын, Лидия Френкельдің иісі осы күнге дейін сақталған "Голубой ларец" деп аталатын әтір суын, Ментай Даукенованың ридикюлін, Майа Кляшторна төрт айлық қызын орап әкелген жамылғыны, Анцис Мариам Лазарева дайындаған тігу үлгілерінің альбомы, Леон Нұрмұхамедов анасы Кира Берсеноваға "АЛЖИР" лагеріне жазған балалық хаттарын кезедстіруге болады.
Кезінде осы заттардың барлығын қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туған-туыстары музейлерге табыстаған болатын.
Көрмелер Бейбітшілік және келісім сарайында күн сайын сағат таңғы 10-.00-ден кешкі 18.00-ге дейін өтеді. Билеттің құны – 600 теңге.