"Арселор Миттал Теміртау" АҚ бірнеше кәсіподақ ұйымын сотқа берді. Компания оларды желтоқсан айында Қарағанды облысының шахталарында ереуілге шыққан кеншілерді қолдап, наразылық шарасын жалғастыруға үгіттеді деп айыптап отыр, деп хабарлайды astanatv.kz.
Соттың алғашқы тыңдалымы кеше Шахтинск қалалық сотында өтті. Алайда отырысқа "Митталдың" өкілдері келмеді.
Компания наразылық акциясының созылуына "Шахтерская семья", "Жақтау металлургтер кәсіподағы" мен "Энергетикалық жылыту кешені жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестіктері кінәлі деп отыр.
"Бұл ұйымдар кеншілердің көшбасшысы бола тұра шахтерларға ереуілдің заңсыз, әрі салдары ауыр екенін ескертпеген. Сөйтіп өндіріс процесіне кедергі келтірді", - деп айыптайды компания.
Ал кәсіподақ ұйымдары өкілдері біз ешкімді үгіттеген жоқпыз деп отыр.
"Біз шахталарға барып, кеншілердің мүддесін қорғаған жоқпыз. Жұмыскерлер бізге келіп, олардың құқығын қорғап, жиналыс өткізуді сұрады. Кәсіподақ болғандықтан келістік. Бірақ, оларды басқарып, ереуілге үгіттеген жоқпыз", - дейді "Шахтерская семья" ҚБ төрайымы Наталья Томилова.
Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының Қазақстан, Шахтинск, Тентек, Ленин шахталарында мыңға жуық кенші 4 күн бойы жер астынан шықпай қойған болатын. Шахтерлар жұмыс берушіден жалақыны 100 пайыз көтеруді талап етті.