Футболдан Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі бірінші ойында "Астана" Латвияның "Спартак" командасын 1:0 есебімен жеңді. Юрмалада өткен кездесуде жеңіс голын Патрик Твумаси соқты, деп хабарлайды elorda.info.
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ алға ұмтылған "Астана" командасы алаң иелері қақпасына жиі шабуылдаумен болды. Спартак ойыншылары Александр Мокин қорғаған қақпаға қауіп төндіре қойған жоқ. Дегенмен, бірінші таймда есеп ашылмады. Екінші таймда юрмалалық команда да жүйелі ойынымен көзге түсе бастады. Десе де Станимир Стойлов шәкірттері жеңіске бастар жолды таба білді. 73 минутта Патрик Твумасидің айып соққысы елордалық ұжымға жеңіс сыйлады. Қос команда арасындағы қарымта ойын 19 шілде күні "Астана Арена" стадионында өтеді.
Айта кетейік, "Астана" Чемпиондар лигасына үшінші жыл қатарынан қатысып отыр. 2015/2016 жылғы маусымда кәрі құрлықтың басты додасы саналатын жарыстың топтық кезеңінде ойнады. Өткен жылы үшінші іріктеу кезеңіне дейін жетіп, Шотландияның "Селтик" командасына жол берді. Дегенмен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған еді. Елордалық команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған тұңғыш қазақстандық команда. Биыл да топтық кезеңге шығуды мақсат тұтып отыр. Осы жеңістен кейін Қазақстанның Еурокубоктағы қанжығасына бір ұпай түсті. Жалпы алғанда, Қазақстанда 5,5 ұпай ("Қайрат" пен "Ертісте" екі-екіден, "Астанада" — 1 және "Ордабасыда" — 0,5) бар. Бұл көрсеткіш 4 командаға бөлінеді, нәтижесінде Қазақстан осы маусымда 1,375 балл жинады. Соңғы бес маусымдағы ұпайлардың жалпы саны — 15,250. Бұл нәтижемен Қазақстан УЕФА елдері рейтингінде 26-шы орынға орналасты. 25-ші орында — 15,600 балмен Швеция тұр.