Қазақстандық қор биржасы (KASE) басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская "Астана" ХҚО жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Біз өзіміздің стратегиямыз бойынша жұмыс істей береміз. Бәлкім, кейбір эмитенттер шығып кетеді. Енді, "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен оның биржасы сол эмитенттер үшін құрылып жатыр ғой. Олар сол алаңға да шығып, өздерінің құнды қағаздарын орналастыра алады. Сауда-саттық жүреді. Шамасы, "Астана" қаржы орталығы мен KASE екі алаң болып қала береді. Олар өздеріне тиесілі сегментте жұмыс істейді. Халықаралық қаржы орталығы шетелдік инвестицияларды тарту үшін құрылған. Соның арқасында Қазақстанның ірі компаниялары өз жерінде отырып, шетелден ақша тарта алады. Дәл сол алаңда әлемнің ірі инвесторларымен байланыс орнатады. "Астана" халықаралық қаржы орталығының негізгі мақсаты сол", - Наталья Хорошевская сұхбатында.
Оның айтуынша, KASE өз сегментінде қала береді. Қазақстандық қор биржасы отандық компанияларға қызмет көрсетуін жалғастырады.
"Біздегі компаниялар "Астана" халықаралық қаржы орталығына ауысып кете ме, жоқ па, оған нақты жауап бере алмаймын. Себебі әрбір компания қай биржаға шықса да, қосымша қажыны қалай тартамын десе де, өз еркі. Бір биржаға шықты ма, болды, сол жерде қалады деген қағида жоқ. Компанияға қосымша қаржы қажет болса, барлық мүмкіндіктер пысықталады. Қорлар, биржалар, банктер және тағысын тағы. Сондықтан ол тағы сауда-саттыққа шығамын десе, алдымен биржалардың шарттары пен ұсыныстарын қарайды. Сөйтіп, өзіне тиімді деген алаңды таңдайды", - деп атап көрсетті Наталья Хорошевская.