Кәсіпқой бокс клубының құрамындағы былғары қолғап шеберлеріміз Ресейдің "Patriot Boxing Team" командасымен шаршы алаңға шығып, 7:3 есебімен жеңіске жетті.
Бір апта бұрын аталған клубтың боксшылары Кемеревода күш сынасып, "Астана арландары" 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да "Астана арландары" ресейлік қарсыластарынан басым түсіп, бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалына жолдама алды.
Кездесуде 52 келі салмақта күш сынасқан арландық Олжас Сәттібаев Иван Абрамовтан мықтылығын көрсетті. Есеп 3:0 (50:45, 49:46, 49:46). 60 келі салмақта жұдырықтасқан Зәкір Сафуллин де ресейлік қарсыласынан 3:0 (50:45, 49:46, 50:45) есебімен басым түсті. 69 келі салмақта Асланбек Шымбергенов пен Шахабас Махмудов биыл екінші мәрте кездесіп, бұл жолы да арландық боксшы "Patriot Boxing Team" клубының ойыншысынан айласын асырды. Есеп 3:0 (50:45, 50:45, 49:46).
"Арландардың" бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков сенім артқан Арман Рысбекұлы (81 келі) қарсыласы Имам Хатаевті 3:0 (49:46, 48:47, 48:47) есебімен жеңді. Аса ауыр салмақтағы (+91 келі) алыптардың бәсекесінде еліміздің атынан шыққан Дмитрий Зиско Артем Сусленковқа төтеп бере алмады. Есеп 0:3 (45:50, 45:50, 45:50).
Жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен "Астана арландары" жартылай финалдағы кездесуін "British Lionhearts" пен "France Figthing Roosters" командаларының жеңімпазымен өткізеді.