"Астана LRT" электронды картаға ақшаның уақытында неге түспейтінін түсіндірді

926

Қоғамдық көлікте жолақы төлеуге арналған электронды картаға банк пен QIWI терминалдары арқылы салынған ақша бірден түседі. 

 "Астана LRT" электронды картаға ақшаның уақытында неге түспейтінін түсіндірді

Бүгінде әлеуметтік желілерде электронды картаға ақшаның уақытында түспейтініне қатысты арыз-шағымдар көптеп айтылуда. Бір тәулік емес, тіпті екі-үш күнге дейін баланс түспей жатады. "Астана LRT" аталған мәселеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Науат Азанбаеваның айтуынша, банк пен QIWI терминалдары арқылы салынған ақша бірден түседі. Себебі барлық карталар оффлайн режимде жұмыс істейді. Оған ұялы байланыс, я болмаса ғаламтор желісі керек емес. Ақша төленген бойда есеп-шотқа түседі. Ондай аударымдарға ғаламтордың бар-жоғы әсер етпейді.

"Мәселе мынада, ақша салғаннан кейін электронды картаны міндетті түрде активизациялау қажет. Ол үшін даладағы терминалға қойып, 4-5 секунд ұстай тұруға болады. Сонда "карта активирована" деген жазу шығады. Бұдан бөлек, автобус валидаторына қойып, 10 секундтай ұстап тұрсаңыз да болады. "Пополнение. Ок!" деген жазу шықса, карта іске қосылды деген сөз. Осылайша, ақша салған сайын картаны үнемі активизациялап отыру қажет. Мысалы, менің жолдасым Kaspi арқылы кешкі уақытта ақша салды да, таңертең еш қиындықсыз автобуспен жұмысқа барды. Сонда ол картаны көбірек ұстап тұрды да, "Пополнение. Ок!" дегенді күтті. Ал кейбір жолаушылар автобусқа кіргеннен кейін картаны жай тигізе салды. Сосын қызыл шамның жанғанын көріп, ақша түспеді деп ойлады. Жоқ, олай емес. Картаны 10 секундтай ұстап, активизациялау қажет", - деді Науат Азанбаева агенттікке берген сұхбатында.

Айта кетейік, Астанадағы қоғамдық көлікте сараланған тарифтер енгізілгелі бері картамен жүретін жолаушылар үшін жолақы бұрынғы күйінше қалды. Ал қолма-қол ақша беретіндер 180 теңге төлейді. Бірақ автобуста электронды картаны сатып алуға болады. Ішінде баланс болмаса да, баратын жерге тегін жетіп алуға мүмкіндік беріледі. Кейбір кондукторлар оны айтпайды, картаны сатса да, үстінен жол жүру ақысы - 180 теңгені де алып қояды.

Жыл басынан бері қоғамдық көлікте жолақы төлеуден бас тартқан 359 адам анықталды. Оларға салынған айыппұл көлемі - 1 726 790 теңгені құрады. Бұдан бөлек, аталған тәртіп бұзушылықтарға жол берген 130 кондуктор 1 563 250 теңгенің айыппұлын төлейтін болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу