Әнші Света Айтбаева "Бақытты бала" жобасының Ақтөбеден басталып, Еуропаға жеткені шын мәнінде үлкен іс деп есептейді, деп жазады aktobenews.kz.
"Бақытты бала" жобасы аясында Ақтөбеде халықаралық вокалдық байқау өтті. Байқау іріктеуінен 400-ден астам өтініш түсіп, іріктеу кезінде тек таланттылар шақырылды. Ақтөбе сахнасында екі күн бойы ән шырқаған өнерпаздарды Димаш Құдайберген де тамашалап, өз бағасын берді. Кейін бір концертінде Нарғыз Жанұзақованың ән шырқайтынын хабарлады. Бұл жоспар орындалып, ақтөбелік оқушы Лондон сахнасында ән шырқады.
"Бұл Еуропадағы Димаштың тұңғыш концерті. Жоспар бойынша концерттен түскен қаржы Қазақстандағы жас таланттарды қолдауға жіберілді. Нарғыз Жанұзақованың концертке қатысуы осы тақырыпты толықтырды. Бұрын Димаш өз концертінде жалғыз ән шырқаса, бұл жолы бәрі басқаша болды. Туған жерінен Нарғыз барды. Бұл 46 елден келген фан тобына, еуропалық көрерменге тосынсый болды. Нарғыз өте әдемі болып шықты. Бәрі "Бақытты бала" жылы өз мәресінде өткенін көрсетеді. Бұл жоба Еуропа сахнасына жетті. Қуаныштымыз", — деді Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева.