Мемлекет басшысы белгілеген "7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" бағдарламасының негізгі өлшемдері өзгеріссіз қалады. Бұл түпкілікті мөлшерлеме жылдық - 7%, комиссиясыз және қосымша ақысыз, тұрғын үй құнының бастапқы жарнасы - 20 пайыз, кредиттің ең ұзақ мерзімі - 25 жыл. Бұл жөнінде бүгін "Баспана" басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков Ұлттық банктің және "Баспана" ипотекалық ұйымының Алматы қаласында өткен брифингі барысында айтып берді, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.
Ол тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге, ал қалған өңірлер үшін - 15 млн теңге деп белгіленгенін атап өтті. Нысаналы индикаторларға сәйкес ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды.
"Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Бағдарлама қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуға тиіс. Қазіргі таңда "Баспана" Центркредит банкімен, Халық банкімен, Еуразия банкімен, Цесна банкімен, АТФ банкімен, РБК банкімен және Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен келісімге қол қойды. Сбербанк пен Форте банк бағдарламаға қызығушылық танытты және техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюға дайын. Осылайша, біздің әріптес банктеріміздің дамыған желісін ескере отырып, біз "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы елдің барлық өңірлерін қамтып, Қазақстанның біраз азаматына көптен күткен тұрғын үйін алуға көмектеседі деп үміттенеміз", - деді Қайрат Алтынбеков.
Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін келесі құжаттардың болуы жөніндегі талаптар айқындалды. Атап айтқанда, әлеуетті қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуға тиіс.
"Ипотекалық кредиттерді сатып алу тетігі әріптес банктермен оңтайлы пысықталуда. Банктер ипотекалық кредиттерді 7-20-25 бағдарламасының талаптарына сәйкес береді, "Баспана" өз кезегінде банктерден ипотекалық кредиттерді сатып алады. Біз ресми www.baspana72025.kz сайтын іске қостық, одан барлық қажетті ақпаратты алуға болады. Сондай-ақ + 7 (727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 7-20-25 бағдарламасының мобильді қосымшасы әзірленуде, ол жуық арада App Store мен Play Маркет арқылы көшіріп алу үшін қол жетімді болады", - деді ол.
Қорытындылай келе, ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады деп атап өтті. "Баспана" кез келген қажетті ақпаратты жедел әрі толық көлемде ұсынуға дайын.