"Баспана" бірыңғай тарифтік бағдарламасы іске қосылды

1830

"Баспана" бірыңғай тарифтік бағдарламасы іске қосылды

Өскеменде "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы саналатын "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ "Баспана" бірыңғай тарифтік бағдарламасын іске қосты. Банк ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап бұрынғы қолданыстағы тарифтік бағдарламалардың барлығын бір бағдарламаға біріктіруді бастады. Бұған дейінгі "Бастау", "Өркен", "Кемел" және "Болашақ" секілді бағдарламалардың орнын енді "Баспана" атты бірыңғай тарифтік бағдарлама басатын болмақ.

Бұл жөнінде аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталмыш банктің облыстық филиалы директорының орынбасары Рауан Баяш мәлімдеді, деп хабарлайды altaynews.kz.

Банк өкілінің айтуынша, бұл бағдарлама барынша икемдірек болмақ әрі бұрынғыдай жинақтың нақты бір қатаң мерзімін қарастырмайды. Яғни, ендігі жерде банк салымшысы қанша жыл ақша жинайтынын және тұрғын үй заемын қандай пайызбен алатынын өзі шешеді. Несие беру мерзімін және пайыздық мөлшерлемені анықтайтын негізгі критерий – бағалау көрсеткіші. Бұл өз кезегінде қаржы тәртібінің коэффициенті болып табылады. Жарналар қаншалықты тұрақты және толығырақ өндірілсе, соншалықты клиенттің бағалау көрсеткіші жоғары болмақ.

Алайда, салымшылар банктің ең төменгі талаптарын, яғни жинақтың үш жылдық мерзімін және бағалау көрсеткішінің 16 мәніне дейінгі жетістігін сақтаулары қажет. Мұндай жағдайда банк клиенті тұрғын үй заемына жылдық 5% мөлшерлеме бойынша үміттене алады. Содан соң ол 4 жыл көлемінде ақша жинақтаса, бағалау көрсеткіші 20-ға дейін арта түседі, ал заем бойынша пайыздық мөлшерлеме 4,8%-ға дейін төмендейді. Осылайша, жинақ мерзімінің артуымен қатар бағалау көрсеткіші де артады және заем бойынша сыйақы мөлшерлемесі сәйкесінше төмендейді. Заем бойынша ең төменгі мөлшерлеме – жылдық 3,5%.

"Мұнда түбегейлі ештеңе өзгермейді. Тек жаңа тәртіп банк өнімдерін оңтайландыруға, оны барынша қарапайым және қолжетімді етуге бағытталған. "Баспана" бағдарламасы постдепозиттік операцияларды да біраз қысқартады. Салымшыға қазір тек үш сұраққа жауап беру жеткілікті. Яғни, оның алғысы келетін баспанасы қанша тұрады, бастапқы жарнаның көлемі және ай сайын бөле алатын ақшасының сомасы қанша? Берілген жауапқа байланысты банк клиентіне тұрғын үй жоспарын құру және көздеген мақсатына жету оңайға соқпақ", — деді брифинг барысында Рауан Баяш.

Сонымен қатар 2017 жылдың 1 тамызына дейін ашылған барлық депозиттерге де тараптар міндеттемелерін толық орындағанға дейін банк арқылы тиісті қызмет көрсетіле бермек.

Брифингте айтылғандай, "Баспана" жаңа тарифтік бағдарламасы — салымды төменгі сома 500 АЕК-пен (1 134 500 тенге) ашуға, шарттық соманы арттыруға, депозиттерді біріктіруге, отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының арасында өзара келісімдер жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, толығырақ ақпарат алғысы келетіндер банктің жақын маңдағы филиалына хабарласып, банк кеңесшілерінен кеңес алу мүмкіндігіне ие. Кеңес беру орталықтарының мекенжайларын https://www.hcsbk.kz сайтынан көруге болады.

Рауан Ержанұлы бұдан бөлек жиналғандарға Өскемен қаласында бір бөлмелі пәтерді сатып алу бойынша тұрғын үй жоспары есебінің үлгісін де көрсетіп берді. Мысалға, тұрғын үйдің орташа бағасы — 6 000 000 теңге болатын болса, Салымшы ҚТҚЖБ-дағы депозитіне ай сайын енгізе алатын сомасын банк менеджеріне атауы қажет. Мәселен, ол 48 000 теңге аудара алатын болса, мұндай жарна төлеу арқылы тұрғын үйдің 50%-ын 5 жылда жинап ала алады (бұл есеп аударылған сыйлықақы және банк сыйақысы есепке алынбай жасалынған). Сонда банк жылдық 4,5%-бен тұрғын үй заемын 8 жылға береді. Ай сайынғы төлем – 37 200 теңгені құрайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу