"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің бойында 21 туристік нысан салынады

717

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің бойында 21 туристік нысан салынады

Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтетін "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" транзиттік автодәлізінің бойынан жолаушыларға қызмет көрсететін 21 туристтік нысан салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов мәлім етті.

Оның айтуынша, сервистік қызмет көрсететін әрбір туристік нысанға "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" бойынан шамамен 10 немесе 20 га жер бөлінеді. Бүгінде халықаралық стандартқа сай туристік қызмет құру жобасы егжей-тегжейлі жоспарланып отыр. Сонымен қатар, брифингте сөз алған "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының бас инженері Нұрбол Мыңжасаров "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің облыс арқылы өтетін бөлігінің ұзындығы 372,5 шақырым екенін айтты.

"Облыс аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізінің бөліктері 2016 жылы Шымкент-Тараз, 2017 жылы Шымкент-Ташкент бағыттарының құрылысын толығымен аяқтау жоспарланған. Осыған орай, қазір жол бойындағы құрылыстың заңдылығын сақтауды бақылау және реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Мәселен, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының бойынан бөлінген белдеу шегінде (70м.) ғимараттар мен құрылыстар салуға, сондай-ақ инженерлік коммуникация төсеуге тыйым салынады", – дейді Нұрбол Мыңжасаров.

Брифингте мәлім болғандай, "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" дәлізінің бойында 440 қызмет көрсету нысаны орналасқан болса, оның 348-і халықаралық стандартқа сай салынбағаны анықталған. Бұдан бөлек, халықаралық көлік дәлізінің бойында (үш бағытта) 18 елдімекен, яғни, 500-ден аса жеке тұрғын үй мен 41 жанар-жағармай құю бекеті орналасқан.

Осындағы жеке тұрғын үйлердің келбетін жаңалау мәселесі бойынша бірқатар ұсыныс енгізіліп отыр. 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін  Ұлттық стандартқа сай барлық нысанның құрылыс заңдылығын сақтай отырып, талапқа сай болуын қамтамасыз ету көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу