"Безымянная" су бөгетінде төтенше жағдай орын алуы мүмкін

799

"Безымянная" су бөгетінде төтенше жағдай орын алуы мүмкін

Ақмола облысы Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы "Безымянная" су бөгетін нығайту жұмыстары жүргізілуде деп хабарлады аймақтық ТЖД баспасөз қызметі.

Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының оңтүстік-шығыс жақ тұсында орналасқан "Безымянная" су бөгеті 1968 жылы салынған болатын. Су бөгетінің ұзындығы 2 шақырым, биіктігі 3-4 метрді құрайды. Орталық тұсында су ағызатын екі шлюз орналасқан. Нысан 2016 жылға дейін иесіз тұрды. Қазіргі кезде Аршалы ауданының коммуналдық меншігіне алынды.

Жақында "Безымянная" су бөгеті шлюзінің апатты жағдайына байланысты аудан әкімі Азамат Тайжановтың шешімімен аудан аумағында төтенше жағдай жарияланған болатын. Аталған бөгеттің гидротехникалық құрылысындағы бетон және шлюздердің бұзылуынан гидродинамикалық апат қаупі туындаған. Жақында ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасарлары Дәурен Әділбеков көктемгі су тасқыны кезінде апатқа жол бермеу мақсатында инженерлік шараларды жүзеге асыру үшін  көшпелі жедел мəжіліс өтті.

Онда аталған бөгеттің барлық учаскелері зерттеліп, төтенше жағдайға жол бермеу жолдары қарастырылды. Осы мəжіліс қорытындысына сай шлюздердің маңына елді мекенді су тасқынынан қорғау үшін қосымша жасанды бөгет тұрғызылып, су өткізетін диаметрі 1000 миллиметр екі құбыр орнату жөнінде шешім қабылданды.  Бұл аталған шлюздерге түсетін ауыртпалықты азайтпақ.  Сондай-ақ, төтенше жағдай орын ала қалған кезде жергілікті атқарушы органдар тарапынан іске асырылатын  шұғыл әрекеттері сараланды.

Сонымен қатар  ТЖД басшысының 17.02.2017  жылғы №27 бұйрығына сәйкес департамент бөлімшелері мен құрамы жоғары деңгейдегі дайындыққа көшті. Қазіргі кезде 200 қап құм, 600 тонна инертті материалдар мен бетон блоктар  жеткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу