Павлодарда жастар бастамаларын дамыту орталығында "Бизнес бастау" кәсіпкерлік мектебінің филиалы ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бөлімшенің тұсаукесер рәсімін өткізген 23 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер әрі Павлодар өңірінің тумасы Ахметбек Нұрсила табысқа жетудің қыр-сырымен бөлісті.
"Бүгінгі кездесуге кезінде айына 40-45 мың теңге жалақы алып жүрген жандар қатысып отыр, - дейді кәсіпкер. - Ал курсты тәмәмдағаннан кейін олардың табысы айына жарты миллион теңгені құрайды. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз бизнесін дамыту үшін ең бастысы ерік-жігер мен ниет, білім керек. Павлодарда осы курсқа қатысатындар саны шамалы. Дегенмен алғаш рет екі жыл бұрын өз ісін бастаған Әсет Сейтахмет қазіргі таңда үлкен табысқа қол жеткізуде. Әсіресе, еліміз бойынша Батыс Қазақстан, Қызылорда, Астана, Шымкент өңірлерінің тұрғындары белсенділік танытуда. Билл Гейтстің "Егер де бизнесін ғаламтордан орын алмаса, онда мүлдем бизнесін жоқ деп айтуға болады" деген сөзінің бүгінгі қоғам үшін маңызы зор. Сондықтан заман ағымына сай цифрлық технологияларды меңгеруге тырысу қажет", - дейді ол.
Бизнесменнің айтуынша, кәсіпкерлер мектебінің басты мақсаты – жұмыссыз жандарға өз ісін ашуға көмектесу, шағын және орта бизнесті дамыту. Оқыту бағдарламасы – сала таңдау, жарнама мәтінін құрастыру, баннер, сайт жасау, сайт техникасы, таргетинг, сату өнері, бейнеролик кезеңдерінен тұрады. 60 күнге созылатын "Аламан" курсының онлайн режиміндегі бағасы 55 мың теңгені құрайды.
"Павлодарда 1998-2000 жылдар аралығында "Алтын ағаш" жиһаз фабикасында жұмыс істеген едім. Кәсіпорын тоқырап тұрғанда үлкен деңгейге көтердім. Сол кездері Италия, Канада, Американың еріктілерімен байланыс орнатып, көп нәрсені үйрендім. Бизнес мектебі адамның бойындағы қасиетті ашып, қаржысыз өз ісін бастауды, дұрыс өмір сүруді, уақытты жоспарлауды үйретеді. Филиалды курсты үздік бітірген Інжу Маржан басқарып, өз командасын жинайды. Торт жасау, зиянды заттарды шығару және ойын залдарын ашу сияқты заңмен рұқсат берілгенмен, армен рұқсат етілмейтін бизнес түрлері бар. Дегенмен оларға көмек көрсетпеймін. Себебі бизнес адамдарға пайда әкелу керек", - дейді Ахметбек Нұрсила.
Бұдан кейін Ахметбек Нұрсиланың қатысуымен Естай атындағы мәдениет сарайында өз кәсібін ашып, одан әрі жетілдіруге ниет білдірген тұрғындарға тренинг өтті.