Ордабасы ауданындағы "Бөрте Милка" сүт-тауар фермасы өндірісті жаңарту аясында швед технологиясымен сауу цехын іске қосып, тәулігіне 8 тонна сүт өндіруге қол жеткізді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл ферма Швецияныӊ "DeLaval" компаниясыныӊ озық технологиясы пайдаланыла отырып салынған. Өӊірде баламасы жоқ аталған кәсіпорын республикадағы еӊ заманауи сүт-тауар фермаларыныӊ алғашқы үштігіне кіреді.
Компания кешені толығымен роботтандырылған. Кешенде бүгінде 408 бас сауын сиыр бар. Үш мезгіл сауылатын бір ірі қара тәулігіне орташа 30-32 литр сүт береді.
Сүт-тауар фермасында 6 робот-сауыншы, автоматтандырылған көӊ алғыш құрал-жабдық, жемдеу үстелі, салқындату, метеостанциялы желдеткіш, сиырдыӊ күйлілігін анықтау камералары, сүт сауу аппараттары бар сүт құбыры орналасқан. 400 басқа есептелген кешеннің инвестициясы 9,4 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл кешен облыста сүт өндірісін жаӊа деӊгейге көтеруге және импорттық өнімге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мұнда 6 мал дәрігері, 2 тұяқшы, 2 ұрықтандырушы жұмыс істейді. Сиырлардың құлағында чип орнатылған. Сауын орнына осы чип арқылы кіріп шығады.
Айта кетейік, облысқа жылына 738,4 мың тонна сүт және сүт өнiмдерi қажет. Қазір нақты өндiрiлетiнi – 740,6 мың тонна. Облыс бойынша iрi, орта және шағын сүт өндiрушi 61 агроқұрылым жұмыс iстейді.