"Дакар-2017" ұйымдастырушылары күтпеген ауа райы жағдайына байланысты жарыстың жалғасуы туралы мәселені шешуде.
8 қаңтарда "Дакар" қатысушылары шектен тыс жауған жауын-шашынның кесірінен аламан бәйгеге түсе алмады. Бұл туралы Astana Motorsports командасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап sputniknews.kz хабарлайды
Жарыс керуені Боливия астанасы Ла-Пасқа аттанды, онда салтанатты подиум өтіп, Боливия президенті Эво Моралес қатысушыларды өзі жеке қарсы алды.
"Бұл бір ерекше ел. Қуанышымыз қойнымызға сыймай жүр. Футбол чемпионатында да осылай қолпаштайтын шығар. Президентпен кездескеннен соң, подиумда бізге кока жапырақтарынан венок тақты. Бәрі "Браво!" деп айғайлап, суретке түсуге шақырады, көлікті қоршап алып, жүргізбей қояды. Боливия өте қонақжай ел екен", — дейді Astana Motorsports жүргізушісі Денис Березовский алған әсерімен бөлісіп.
"Ауа райының қолайсыздығына қарағанда, жаңбыр алдағы күнде толастай қоймайды. Ұйымдастырушылар не істерін білмей дал болып жүр. Тезірек шешім қабылдау керек – әрине, жарысты тоқтатқысы келмейді, бірақ әрі қарай жалғастыру да қауіпті. Ұйымдастырушылардан бір жаңалық күтіп отырмыз", — дейді Astana Motorsports капитаны Артур Ардавичус.