"Денсаулық" пойызы Атырау облысына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Пойыз өңірдегі жұмысын Мақат ауданындағы Мақат стансасынан бастады.
Пойыз 9 вагоннан тұрады. Оның 4-уі емдеу-диагностикалық процедураларына, 4-уі медициналық персоналдарға, 1-уі медициналық препараттарды сақтауға арналған. Сондай-ақ ресторан вагоны мен энергиямен қамтамасыз ету вагоны бар. Бригада құрамында 1 дәрігер, 6 медбике, 2 лаборант бар. Қабылдау жұмыстарын, терапевт, неврапотолог, офтальмолог, оториноларинголог, гинеколог, хирург, уролог, УЗИ дәрігері, эндоскопшы, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, педиатр-дәрігер жүргізеді. Бұл дәрігерлердің барлығы Атырау теміржол ауруханасы мен Алматы, Астана, Қызылорда мен Ақтөбенің клиникаларының бірінші және жоғары дәрежелі мамандары. Білікті дәрігерлер медициналық қызмет көрсетіп, кеңес береді.
"Денсаулық" пойызы жұмысының алғашқы күнінде 141 адам медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлердің кеңесін алды. Олардың 11-і балалар. Пациенттерге, бірінші кезекте қажетті көмек көрсетіліп, кәсіби кеңес беріліп, денсаулықтарын одан әрі түзеу үшін жақын маңдағы медицина орталықтарына ем алуға жолдама берілді.
"Пойыз тиісті кестесінен жаңылған жоқ. Атырау облысында олар Доссор, Туманный, Аққыстау, Нарын, Исатай, Афанасьев, Ганюшкино, Жамансор, Мұқыр және соңғы Сағыз стансаларында болады",-деп хабарлады Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы ҚР төтенше жағдайлар комитетімен бірлесе отырып, "Саламатты Қазақстан" бағдарламасының аясында жыл сайын теміржол стансасы маңының тұрғындарына "Денсаулық" пойызының мамандарынан білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік жасайды.