"Орал" СОК-тің кинотеатрында "Движение вверх" фильмінің көрсетілімі болды. Оған баскетболдан алғашқы олимпиада чемпионы болған Әлжан Жармұхамедов пен облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Ресейден арнайы келген Әлжан Жармұхамедов көрсетілім алдында өзін бұл шараға шақырғаны үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
"Ақ Жайық өңірі - әкемнің, ата-бабамның мекені. Сол себепті бұл көрсетілімге байланысты шақыруды қуанышпен қабыл алдым. Жалпы КСРО құрамасы сапында ойнаған кезімді бейнелейтін бұл фильм тарихи шындыққа негізделген. 1972 жылы өткен олимпиадада біз бірнеше жыл бойы баскетболдан олимпиада чемпионы болып келе жатқан АҚШ-ты тізе бүктірдік",- деді Әлжан Мүсірбекұлы.
Содан кейін облыс әкімі даңқты спортшыға Алғыс хат табыстады.
Фильмді тамашалаған соң Орал қаласы мен Зеленов ауданының оқушылары көркем фильмнің басты қаһарманынан қолтаңба алды.