"Эйр Астана" 2017 жылғы 4 миллионыншы жолаушыны тасымалдады. Бұл компания тарихында тұңғыш рет болып отырған жылдық рекордтық көрсеткіш болып отыр, деп хабарлайды egemen.kz.
Жалпы биылғы жыл қорытындысында "Эйр Астана" 4,2 млн жолаушы тасымалдап, өткен жылғы көрсеткішті 12 пайызға асырмақ.
Жолаушы тасқыны көбінесе 2017 жылғы маусым мен қыркүйек аралығында ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесі өткен күндері Астанаға келген халықаралық жолаушылар есебінен өсті. Сондай-ақ "Эйр Астана" жолаушылар тасымалы көлемін Астанадан Лондон, Бейжің, Ыстанбұл, Санкт-Петербург, Новосибирск, Екатеринбург, Омбы, Тбилиси, Ташкент, Бішкек, Бангкок және Сеул қалаларына ұшу жиілігін ұлғайту арқасында арттырды. Маусымда Астана – Дели тікелей бағыты ашылып, Астана – Киев бағыты қайта жанданды. Қосымша жиіліктер Алматыдан Санкт-Петербург және Тегеран қалаларына қосылды.