Қазақстан Республикасының монополияға қарсы органы тергеп-тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың жұмысына кедергі келтіргені үшін "Эйр Астана" АҚ-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2016 жылғы 7 қазанда "Эйр Астана" АҚ тергеп-тексеруге шыққан монополияға қарсы ведомство қызметкерлерін өзінің ғимаратына өткізбеген.
Бұған дейін аталған авиатасымалдаушыға қатысты билеттерге монополиялық жоғары баға белгілегені үшін тергеп-тексеру басталғандығы хабарланған еді.
"Бұл ретте, 2015 жылғы 5 қазаннан бастап авиаұшулар қызметтеріне баға реттеу жойылғанын атап өтеміз. Баға реттеу жойылғаннан кейін авиабилеттерге бағаның елеулі көтерілгені (орташа алғанда 30 - 40 %) байқалады. Тұтынушылардан түскен шағымдарға байланысты, монополияға қарсы орган тергеп-тексеруді бастады. Оның нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады", - деді ведомстводан.
abctv.kz