Астана қаласы әкімдігінде Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалық етуімен "EXPO-2017" халықаралық көрмесін өткізу кезінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының отырысы өтті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырысқа Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, "Даму" қоры АҚ тәуелсіз директоры Серікбай Бисекеев, "EXPO" ұлттық компаниясының басшылары, сараптамалық топтың мүшелері, "АstanaInnovations" және "Аstana LRT" компанияларының өкілдері қатысты.
Шара барысында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге, ұйымдастырушылық шаралар қабылдауға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысты тапсырмалары мен ұсынымдарын орындаудың алдын ала нәтижелері талқыланды.
Отырыс барысында тәуелсіз сарапшы С.Бисекеев әлемнің дамыған қалалары үлгісінде елордадағы қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бойынша идеяларымен және ұсыныстарымен бөлісті.
Отырыс қорытындысы бойынша сараптамалық топқа нормативтік актілер жобаларын әзірлеу сатысын аяқтау және оларды практикалық іске асыруға көшу жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті. Барлық пайдалы ақпаратты басшылыққа алу қажеттігін атап өтті.