Ашылғанына 5 жыл болған "ГазӨнеркәсіп мұнай — Битум Қазақстан" зауыты мерейтойын қуанышты жаңалықпен бастады. Зауытта шығарылған өнімді сатылымға жөнелтудің жаңа тәсілі жұмысын бастады. Дәлірегі, мұндағы битумды ыдыстарға қауіпсіз әрі тез құятын болады, деп хабарлайды otyrar.kz.
Кәсіпорын битумды бөшкелерге құюдың автоматты желісін іске қосты. Енді осы автоматты желі арқылы тәулігіне 200 тонна битум бөшкелерге құйылады. Жылына 15 мың тонна өнімді қосымша құйып, қаптайды. Бұл өнімді жөнелту көлемін арттырып, қоршаған ортаға зиянын азайтады.
"Қазақстанда жылына 550-650 мың тонна битум жол құрылысына қолданылады. Бұл қажеттілік жыл өткен сайын артып келеді. Біз жол құрылысына арналған битум маркаларын шығарамыз. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 1000 тоннаға дейін битум өнімдерін шығаруға жетеді. Оңтүстік Қазақстан облысының қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеміз. Бұдан бөлек Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарына битум жөнелтеміз. Көршілес мемлекеттерге де битум жөнелте аламыз. Биыл 200 мың тонна битум сатуды жоспарлап отырмыз. Өнім көлемі жылдан жылға ұлғайтылуда", - дейді компанияның бас директоры Игорь Миронов.
Расымен де "Газөнеркәсіп мұнай" битумын қолдана отырып, Оңтүстік Қазақстан жолдарының үштен бірі салынды. Оның ішінде ірі жол жобасының – "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" трансқұрлықтық дәлізінің автомобиль жолдары төселді. Зауыт қазір жол құрылысына қажетті 60/90 және 70/100 маркалы базалық битум шығарады. Дайын өнімді осындағы зертханада арнайы тексерістен өткізеді.