Мексикалық боксшы Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) мүддесін көздейтін Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы қазақстандық Геннадий Головкинмен (37-0-1, 33 КО) екінші айқастың өтпейтіндігін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Шұғыл: рематч "Канело" - GGG өтпейтін болды. Бұл туралы Golden Boy жариялады",- деп жазды твиттерде журналист The Ring Хильберто Мансано.
Еске сала кетсек, айқас 5 мамырда Лас-Вегаста T-Mobile аренасында өтуі тиіс болатын. Енді Головкиннің командасы баламалы жекпе-жек өткізуге күш салады. Шамасы, ол өзге - MGM Grand Garden аренасында басқа қарсыластарымен кездеседі.
Бүгінгі таңда Хильберто Рамирес (37-0, 25 КО) және Хулио Сесар кіші Чавес (50-3-1, 32 КО), Гэри О'Салливан (27-2, 19 КО), Деметриус Андраде (25-0, 16 КО) және Сергей Деревянченконың (12-0, 10 КО) кандидатуралары қарастырылып жатыр.