"Халық Барысы" анықталды

739

"Халық Барысы" анықталды

Іле Алатауының етегінде еліміздің 1000-нан астам палуандары "Белдесу" ұлттық күресі бойынша өткен алғашқы республикалық турнирге қатысты. Бұл олимпиадалық емес ойындардың әлемдік желісіне ресми түрде енген ең көне ұлттық күрес түрі, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Турнирді ашқан Алматы әкімі Бауыржан Байбек елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруда бүгінгі күні ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылуда екенін айтты.

Қазақстандықтар арасында "Аламан бәйге", "Қазақ күресі", "Аударыспақ", "Жамбы ату", "Көкпар" бойынша жарыстар кеңінен танымал болуда.

Өз кезегінде қазақ күресі федерациясының басшысы Қанат Бозымбаев "Белдесу" ұлттық күресі жастарға патриоттық тәрбие берумен қатар еліміздің жаңа чемпиондарын ашуы мүмкін екенін айтты. Аттары аңызға айналған Қажымұқан, Балуан Шолақ сынды палуандар осындай сайыстарға қатысқан еді.

"Халық барысы" жобасының идеялық қолдаушысы Арман Шораев турнирге ниет білдіргендердің барлығы, соның ішінде 18-ден 50 жасқа дейінгі шетелдік спортшылар да қатыса алады деді. 

"Әрбір жекпе-жек 5 минутқа созылады. Егер палуанның біреуі жерге құласа немесе тізесімен, қолымен, денесінің өзге бөлігімен жерге тірелсе, жеңілген болып саналады. Есеп тең болса, онда 3 минут қосымша уақыт беріледі. Бұдан кейін де жеңімпаз анықталмаса, онда қатысушылар салмақ өлшеуден өтеді. Жеңіс салмағы ең төмен спортшыға беріледі", - деді Арман Шораев.

"Халық барысы" турнирінің ашылу салтанаты барысында көрермендер алдында "МузАртLIFE", Қайрат Нұртас, "Өркен", "Бозторғай" балалар хоры, Маржан Арапбаева, Ұшқын Жамалбек, Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Мәдина Сәдуақасова, ҚР ҰҚК шекара училишесінің курсанттары және басқалары өнер көрсетті.

Қызықты да тартысты финалдық жекпе-жектің жеңімпазы "Алматы Барысы-2015" чемпионы Мақсат Қиқимов атанды. 80 келі салмақтағы Мақсат Қиқимов 100 келі салмақтағы қарсыласы Талғат Жиентаевты тізе бүктірді. Ал қола жүлдені Айтуар Абдулов олжаласа, төртінші орынды Әділет Дауланбаев қанағат тұтты.

"Халық Барысы" жеңімпазы алтын белбеу мен 10 млн теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал екінші, үшінші және төртінші орын иегерлеріне 5,3 және 2 млн теңге көлемінде ақшалай ұтыстар табысталды. Сонымен қатар, барлық палуандарға лауазымды тұлғалар атынан шапан жабылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу