"Қайнар-АКБ" аккумулятор батареяларын Африкаға шығарды

1978

"Қайнар-АКБ" аккумулятор батареяларын Африкаға шығарды

Талдықорған қаласындағы "Қайнар-АКБ" ЖШС өткен жылы 1 миллион 700 мың аккумулятор батареясын өндіріп, рекордтық өнім шығарды.

Кәсіпорынның мұндай көлемге жетуіне зауыт өніміне басқа елдерден сұраныстың артқандығы себеп болыпты. Бүгінде еуропалық, ресейлік және жапондық стандарттармен жұмыс жүргізетін кәсіпорын өнімінің 70 %-ы шетелге экспортталып жатыр.

"1975 жылы алғаш өнім берген өндіріс ошағында  қазір аккумулятордың 52 түрі өндірілуде. 2007-2008 жылдары негізгі өндірістік жүйелер мен коммуникациялар және жабдықтардың барлық цехтары толық жаңғыртудан өтті. Зауыттың сапалы өнімі бұрындары ТМД елдері мен көршілес Ресей және Украинаға экспортталып келсе, ендігі уақытта Германия, Иран, Моңғолия және Араб біріккен әмірлігі сияқты шет мемлекеттерге сатылуда. Сондықтан үлкен нарықта ұтылмау үшін маркетинг стратегиясын қолданып, тауар имиджін жақсартуға күш салудамыз", – дейді "Қайнар – АКБ" аккумулятор зауытының әкімшілік директоры Әлмеш Сарқұлов.

Бір қуантарлығы, зауыт өнімі өткен жылдан бастап Қытай нарығын жаулай бастады. Демек, бұл осыған дейін Қытай кәсіпорындарымен бәсекелесуге қауқарсыз болып келген отандық өндірістің жаңа дәуірге қадам басқанын әйгіледі. Сонымен қатар, өндіріс орны еуропалық нарыққа батарея сатуда Польшамен келісімге келудің жолдарын қарастыруда.

"Өткен жылдың  желтоқсанында "Қайнар-АКБ" Африка құрлығына "BARS Asia"  батареяларының алғашқы партиясын жеткізіп, жаңа жылдан бері Бенин Республикасындағы дүкендер желісі бар серкітес арқылы сатылымға шығарды. Африка тұрғындары қазақстандық кәсіпорында жасалған   батареялардың сапасы мен сенімділігін жоғары бағалап, таласа сатып алуда, – дейді кәсіпорынның баспасөз қызметінің хатшысы Айдана Ратаева.

Айта кетерлігі, былтыр 6 желтоқсанда Астана қаласында Елбасының қатысуымен индустрияландыру күніне орай өткен салтанатты шарада "Қайнар-АКБ" ЖШС "Ұлы Дала елі" брендімен марапатталды. Бұл бренд Ққазақстандағы ең  үздік экспорттаушы компанияға беріледі. Осыдан былай отандық тауар өндірушілер "Ұлы Дала елі" атауымен бірігіп, әлем нарығына өз қолтаңбасын қалдыруға тырыспақ. Осы көштің басында қайнарлықтардың тұрғаны жетісулық кәсіпкерлерді ынталандыра түсті.

Әрине, "Қайнар-АКБ" ЖШС бұл деңгейге жайдан-жай жеткен жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сан түрлі қиындықты жеңіп, нарық бәсекесіндегі аумалы-төкпелі жағдайды бастан өткерді. Соның бәрін төзімділікпен жеңген кәсіпорын өңірдің өндірістік айнасына айналып отыр.

Жергілікті өндіріс осы жылы аккумулятор санын 2 миллионнан асыруды жоспарлап қойған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу